Среда, Июнь 3, 2020
Басты > Жаңалықтар > Олжаспен олжалы кездесу

Олжаспен олжалы кездесу

Бүгін Жұбанов университетінде қазақтың атын әлемдік аренаға шығарған ақын, публицист, белгілі саясаткер, «Байтақ болашақ» Экоальянсының РҚБ құрметті төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Омарұлы Сүлейменовтің қатысуымен «Ақтөбе облысының жер асты су көздері көлдерін пайдалану, қорғау және сақтау» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.  Аталмыш жиын  белгілі қоғам кайраткері, профессор Амангелді Айталының  80 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар аясында ұйымдастырылды.

Жиынды «Байтақ» экологиялық клубының жетекшісі, профессор Орақ Әлиев ашып, Олжас Омарұлының әдебиет пен тәуелсіз Қазақстанға сіңірген ерен еңбектері жөнінде әңгімеледі: тарих пен халық тағдырының мәнін түсінуде Олжасқа дейінгі ұлы қайраткерлердің жетістіктері аз болмағанымен қазақ әдебиетін әлемдік аренаға алып шығу Олжас Сүлейменовтің еншісіне тигенін, оны қазақ елінің халықаралық деңгейдегі ақыны деп мойындау  «Адамға табын жер, енді!» атты поэмасының жарыққа шығуымен тығыз байланысты екенін баса айтты.

Сөз арасында жиын модераторы Орақ Жолмырзалұлы Олжастың сонау «Жас тұлпар» ұйымында жүрген кездері мен одан кейінгі өмір жолдарынан сыр шертіп қана қоймай, оның өлеңдері қазақ халқының талай ғасырлық мұңы мен қуанышын, сыры мен сипатын айғақтайтынын  және Семей ядролық сынақ полигонын жабудағы сіңірген еңбегі жайлы әдемі жеткізді. Жиын барасында ҚР-ның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологияны реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов, Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резервантының ғылыми қызметкері Мереке Жұбанияз, М.Оспанов атындағы Ақтөбе медицина университетінің профессоры Арыстан Мамырбаев  сынды тағы да басқа  ғалымдар баяндамалар жасап, өз ұсыныстарын талқыға салды.

Жүздесу барысында университеттің студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамы қонақпен бірге әлемдік және отандық әдебиеттің дамуын, қазіргі әлемдегі әлеуметтік үрдістер эволюциясының беталыстарын  және Ақтөбе облысының жер асты су көздері көлдерін пайдалану, қорғау және сақтау тақырыбын талқылады. Шығармашылыққа бет бұрған жас ақындар  қоғам қайраткеріне сұрақтарын қойып, тәжірибелік кеңестер алды, пікір алмасты. Студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамы көпшілік біле бермейтін ақынның сегіз қыры мен беймәлім сырын білуге ұмтылды. Іс-шара соңында студенттер қолтаңба алуға асығып, ақынмен естелік суретке түсті.

Кездесуден соң «Біз үшін бүгін тарихи күн, біз үшін Олжас Сүлейменовпен кездесіп, дәрісін тыңдау үлкен бақыт», — дейді Жұбанов университетінің студенттері.

Айта кетейік, Олжас Омарұлы Сүлейменов  — 1936 жылдың 18 мамырында Алматы қаласында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің (қазіргі таңдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың) Гелогия факультетін тәмәмдаған. Әдебиет саласымен 1955 жылдан бері айналысып келеді. 1958 жылы А.М.Горький атындағы Әдебиет институтының Поэтикалық аударма бөліміне түсіп, 1961 жылы аяқтайды. 1962-1971 жылдары «Казахстанская Правда» газетінің әдеби қызметкері, «Қазақфильм» киностудиясы сценарлық-редакциялық алқасының бас редакторы, «Простор» журналында Журналистика бөлімінің меңгерушісі болып жұмыстар атқарды. 1971 жылдан 1981 жылға дейін Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы, сонымен бірге 1972 жылы Азия-Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі Қазақстандық комитеттің төрағасы, 1981-1983 жылдары Қазақ КСР кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы және 1983-1991 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының бірінші хатшысы болды. 1989 жылдың ақпанында Халықаралық Невада-Семей ядролық қаруға қарсы қозғалысының бастаушысы болды.  1995 жылы Қазақстанның Италиядағы Елшісі қызметін атқарды. 2002 жылы Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы (Париж) өкілі. Олжас Сүлейменовтің кітаптары ағылшын, француз, неміс, испан, чех, поляк, болгар, венгер, моңғол және түрік тілдеріне аударылған.