Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті — EURAS білім кеңістігінде

Жұбанов университеті — EURAS білім кеңістігінде

Жұбанов университеті өткен жылы Еуразиялық университеттер одағына (EURAS) мүше болып және мүшелік туралы сертификатқа ие болған еді. Аз ғана уақыттың ішінде Еуропаның бірқатар университеттерімен, оның ішінде Түркияның 11 жоғары оқу орнымен жан-жақты байланыс орнатты. Сол кезеңде Стамбулда өткен EURAS саммитіне қатысып, жоғары білімді интернационалдандыру және басқару бойынша өзара тәжірибе алмасу алаңында серіктестермен жүздескен болатын-ды.

Соған орай ZOOM платформасы желісінде Түркияның Стамбул Айдын университетінің ұйымдастырумен EURAS-ға мүше елдердің жоғары оқу орындарының қатысуымен «Өзгеріс кезеңіндегі экономикалық жалғастық және серпіліс” тақырыбындағы онлайн вебинарға қатысты.

Вебинарда Стамбул Айдын университетінің қаржы және экономика факультетінің деканы, профессор Ахмет Сейдат Айбар жалпы қазіргі әлем жұртшылығын алаңдатып отырған COVID 19 эпидемиясы және оның білім жүйесіне түбегейлі әсері туралы баяндама жасады. Онлайн вебинарға Түркия, Қазақстан және басқа да Еуразия мемлекеттері университеттерінен 36 халықаралық байланыс саласы басшылары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

EURAS — Батыс және Орталық Еуропа, Балкан, Кавказ, Таяу Шығыс, сондай-ақ бүкіл Азияның 90-нан астам университеттерінің ынтымақтастығын құрайтын халықаралық қауымдастық, сонымен қатар Еуразия аймағындағы білім беру стандарттарын жаһандық насихаттау бойынша жұмыс жасайтын ұйым.

EURAS Еуразия аймағында тең дәрежеде оқытылатын жоғары оқу орындары мен ұйымдар арқылы ынтымақтастықты айтарлықтай нығайтуға бағытталған.

Бұл ұйымға мүше болудың негізгі артықшылығы — Еуропа мен Азия университеттерімен ынтымақтастықты дамыту, бірлескен ғылыми жобалардың серіктесі болу, студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуын өткізу, ғылыми конференцияларға, тақырыптық кездесулерге, семинарлар мен іс-шараларға қатысу. Еуразиялық университеттер одағы — Еуропа мен Азияның жетекші университеттерінен тағылымдамадан өтуге және қысқа мерзімді бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік береді.