Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > Жаңалықтар > Құрметті әріптестер, қадірлі білім алушылар!

Құрметті әріптестер, қадірлі білім алушылар!

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні мемлекеттік мерекесі  2012 жылдың 1 желтоқсанынан бастап  мейрамдап келеміз.  Бұл мереке – Қазақстан халқының  мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліне сіңірген   орасан зор еңбегіне деген құрметі, тарихи таңдау күні.

Тәуелсіз Қазақстанның 26 жылғы тарихынан тағылым іздеген адам ұлы бастамалардың кезеңіне кездесетіні анық. Осынау игіліктердің барлығы Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланысты. Тәуелсіз қазақ елінің тағдыры – Елбасы тағдыры. Елбасы тағдыры – тәуелсіз қазақ елінің тағдыры.

Үш жүздің басын қосқан Абылай хан дүниеден өтерінде «Елімді бейбіт өмірге жеткізе алмадым, халқым жер игілігін көре алмады, қала, кент сала алмадым, елдің басын біріктіре алмадым»,- деп орындалмаған үш арманын айтып кеткен екен.  Абылай ханның сол армандарын Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев толығынан жүзеге асырды.

Қазақстан Тәуелсіздігіне қол жеткізген осы мерзім ішінде  алыстағы алып елдер де, қыр астындағы көршілер де санасатын мықты мемлекетке айналды. Ел абыройының әлемдік деңгейде асқақтауы Тұңғыш Президенттің сарабдал саясаты, қоғамдық-әлеуметтік және экономикалық реформалардың нәтижесі деп білеміз.  Қазақтың кең байтақ даласының қай өңіріне де кие қонған, құт дарыған.  Әйткенмен, батырлар елі мен жомарт жері бар, елі үшін аянбай қызмет еткен алаш тұлғалары бар, ақын-жыраулары жыр елі атандырған Ақтөбе өңірін киелі өлке деп таниды. Елбасының осы өлкені «Ақтөбе-құтты мекен!» деп атауында да айрықша мән бар. Елбасы тәуелсіздік жылдары Ақтөбе облысының, ондағы еңбексүйгіш халықтың  ертеңіне қажетті бірнеше ірі жобалардың іске асуына бастамашы болды. Елбасының  Ақтөбе өңіріне жасаған әрбір  сапарынан соң мұндағы халықтың келешекке деген сенімі арта түседі. Ұлт көшбасшысының ыстық пейілі, ағайынға арнаған лебіздері жұртшылықтың көңілін серпілтіп жібереді.

Елбасы биылғы  қазан айында  келген сапарында да  Ақтөбе халқына шынайы жанашырлық, тілектестік лебіздерін білдірді. Бізді жаңа істерге қолдауы, қамқорлығы арқылы қанаттандырып кетті.

Еліміздің әлемнің озық  30 елі санатына қосылуы мақсатындағы тарихи кезеңде Батыс аймағындағы ең үлкен білім шаңырағы – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің заманауи жаңа үлгідегі қондырғылармен жабдықталған ғылыми зертханалары мен зерттеу орталықтарынан білім алған мамандар өңірдің әрбір саласы бойынша өңір игілігі жолында күш-жігерін біріктіріп, тәуелсіз еліміздің болашағы үшін еңбек етіп, Тұңғыш Президентінің жанына топтасуды өмірлік мұрат тұтады деп сенеміз.

Заманымыздың заңғар жазушысы, кенен ойлы кемеңгер ағамыз Әбіш Кекілбаев айтқандай «Ең алдымен ел абыройын ойламай, ешкім де жағдайын түзей алмайды. Бүгінгі отаншылдық – төзім, бүгінгі ерлік – сабыр, бүгінгі елдік – тыныштық. Қазіргі адал ниетті отандастарымыздың бір-біріне жасай алатын содан басқа жақсылығы жоқ. Сонда ғана ортақ шаруамыз оңалып кете алады»,- деген екен.

Сондықтан біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы өз біліміміз бен қажыр-қайратымызды, мүмкіндіктерімізді ел игілігіне және оның болашақ ұрпағына жарата аламыз. Бұл іс бәріміз бірлесе, біріге атқарсақ ғана жүзеге асады. Осы жасампаз еңбекте  бірлігімізге бекем, ынтымағымызға ұйытқы болайық.

Өйткені бізді бір Отан, бір тағдыр, бірінші Елбасы біріктіріп отыр.

Баршаңызды  тарихымызға қазақстандықтардың  бүкілхалықтық таңдауының бірлігі күні ретінде енген мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын! Сіздерге және жақындарыңызға мықты денсаулық, отбастарыңызға амандық және  атқарып жатқан еңбектеріңізге табыстар тілеймін.