Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тарихшылар жолдауды талқылады

Тарихшылар жолдауды талқылады

Болашаққа бастайтын 10 қадам

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тарих факультетінде «Төртінші өнеркәсіптік революция: адамзатқа берілген мүмкіндік» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айбек Көпенов, университеттің профессор-оқытушылары, тарихшы ғалымдары қатысты.

Жиынды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рақым Бекназаров ашып, биылғы Жолдаудың маңыздылығына тоқталып, оны халыққа түсіндіруде тарихшылардың рөлі басым болуы керектігін атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұзақбай Исмағұлов, тарих факультетінің деканы Гүлмира Купенова, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Жанжігіт Ормах, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Есқалиев, тарих, этнология және археология орталығының директоры Дәулет Әбенов, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсембин, тарих ғылымдарының кандидаты Асылбек Маден, т.б. Елбасының биылғы Жолдауында айтылған 10 міндетті талқылап, өз ой-пікірлерін білдірді.

— Елбасының ең алғашқы Жолдауы 1997 жылы 16 қазанда жарияланды. Сол Жолдауында Елбасы: «Болашақ ұрпақ біздің кемшіліктерімізді, жіберген қателіктерімізді кешіреді. Ал егер тәуелсіздігімізді жоғалтатын болсақ, олар бізді ешқашан кешірмейді», — деген болатын. Міне, Елбасының биылғы Жолдауында да Қазақстанды дамыған отыз елдің қатарына енгізу, Мәңгілік ел етіп әлемге таныту үшін нақты міндеттер қойылды. Осы мақсатта бұған дейін де елімізде алғашқы адамдар жасалды. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын Елбасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мінбесінде өзіміздің ана тілімізде сөйлеп, қазақ тілінің мәртебесін биіктеткен еді. Сондай-ақ бүгінге дейін елімізде бірнеше миллиардтаған долларға келіссөзге қол қойылды. Ал Елбасының жыл сайынғы Жолдауларын алсақ, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Атап айтсақ, биылғы Жолдау да тақырыбынан көргеніміздей, ішіне көп сыр түйіп тұрған дүние. Біздерге, тарихшыларға, Елбасының Жолдаулары мен Елбасының өткен жылы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы үлкен мүмкіндіктер ашып берді. Бұл мақала биылғы Жолдаумен астасып жатыр. Биылғы Жолдаудағы 10 міндет еліміздің ішкі саясатына арналған. Соның ішінде «Адами капитал — жаңғыру негізі» атты тарауын ерекше атауға болады, — деді тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәулет Әбенов.

Сондай-ақ басқосуда облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айбек Көпенов «Жастар саясаты — болашақтың кепілі» тақырыбында баяндама жасап, тарих және дінтану кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыгүл Аликулова Жолдауда айтылған жемқорлықпен күрес мәселесіне байланысты пікірін ортаға салды.

Жиын соңында тарихшылар Мемлекет басшысы ұсынған 10 негізгі міндетті орындауда барлық қазақстандық бірлесе жұмыс жасау керектігін айтты.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

источник