Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбеде мемлекеттік қызмет саласына 277 маман жетіспейді

Ақтөбеде мемлекеттік қызмет саласына 277 маман жетіспейді

Осы орайда мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті 2 жыл бұрын мамандарды дайындайтын арнайы білім беру мекемесін ашты.

Мектептің алғашқы кезеңін тәмамдаған 43 қызметкердің жартысы сынақтан сүрінбей өтіп, тұрақты жұмысқа орналасыпты.

«Мансап» мектебінде болашақ мемлекеттік қызметшілер тегін білім алады. Оларға әр салада еңбек етіп жүрген тәжірибелі мамандар дәріс оқиды. Мектепте басты көңіл теориядан бұрын тәжірибеге бөлінеді. Мұнда оқығысы келетіндердің қатары көп. Алайда қабылдау үшін арнайы іріктеу жүргізіледі.

Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің құқықтану факультетінің 4-курс студенті Мейрамбек осы мектепте білімін толықтырып, мемлекеттік қызметші болғысы келеді.

Мейрамбек Ерсайынов, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің студенті:

— Жоғары оқу орынын бітіргенде дипломмен бірге арнайы сертификат беріледі. Ол сертификат арнайы «Б» корпусының төменгі сатысына жұмысқа орналасуға үлкен мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметші өзінің жұмысына тиянақты, өз жұмысын жақсы білетін, жауапкершілігі мол адам болу керек.

Ал Ризат Қарасаев мектепті үздік тәмамдап, арнайы сынақтан өткеннен кейін облыстық білім беру басқармасына орналасыпты. Қазір бір бөлімде жетекші маман қызметін атқарып отыр. Мектепте көп нәрсе үйренгенін айтады. Жинаған тәжірбиесінің арқасында қызметінде қиналып жүрген жоқ.

Ризаттың айтуынша, мемлекеттік қызмет түрлерін электронды жүйеге көшіріп, цифрлық қолтаңба құралымен халықты жаппай қамтамасыз ету – уақыт талабы. Өткен жылы Ақтөбе облысында 5 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның тек 19 пайызы электронды жүйе арқылы іске асыпты.

Ризат Қарасаев, облыстық білім беру басқармасының жетекші маманы:

— Мемлекеттік қызметші ол бала кезімдегі «әкім боламын» деген арманнан шыққан. Сол арманымды қуып, 11-сыныпты бітіргеннен кейін мемлекетті жергілікті басқару мамандығын таңдадым. 4-курс оқып жүргенімде курстас достарымнан «Мансап» мемлекеттік студенттік мектебінің бар екенін естіп, сол жақта бағымды сынап көргім келді.

Жалпы облыстағы 4 400 мемлекеттік қызметшінің жеке электрондық-цифрлық қолтаңбасы бар. Ендігі мақсат – қызметшілердің біліктілігін арттырып, көрсетілетін қызметтін сапасын жетілдіре түсу. Себебі Елбасы Жолдауында айтылған еңбекақыны факторлы-балдық шкаламен есептеу жобасы енгізілген кезде мамандардың біліктілігі басты назарда болады.

Қайыржан Тоқышев, Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы:

— Барлық мемлекеттік органға кіргізген кезде онда биылғы жылы осы пилоттық жобада өткізген тәжірибені қарап, ондағы жақсылығын ары қарай жалғастырып, кемшілігі болса, түзетеді. Осындай пилоттық жобада өткізген дұрыс деп санаймын. Әрбір лауазымның өзінің салмағы, жұмыстың сипаты есептеледі. Жұмыстың қызметтің тиімділігі есептеледі, әрбір азаматтың жеке біліктілігін қарастырады.

Облыстың мемлекеттік қызмет саласында 200-ден астам маман тапшы. Сондықтан білікті маман дайындау шаралары жалғасын табады.

Авторлары:

Ақсәуле Байменшина,

Болат Молдағалиев

источник