Вторник, Июнь 2, 2020
Басты > Жастар саясаты > Бүгін ректор спортшы студенттермен кездесті

Бүгін ректор спортшы студенттермен кездесті

Жұбанов университетінде  әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті және Кәсіби-шығармашылық факультетінің бірлесе ұйымдастырған оқу орнының спорт саласында жетістікке  жеткен студенттерімен университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембековтің кездесуі өтті.

Кездесуге спортшы студенттердің жаттықтырушылары  да қатысты.

Кездесуде жастарға арнап сөз сөйлеген университеті ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы: «Университетте «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша сабақ беретін елуден астам оқытушылар бар. Заманауи жабдықталған  спорт залдарымыз да жеткілікті.  Мұндай спорт залдарға кей университеттердің қолы жетпей отыр. Сондықтан студенттердің спортпен  шұғылданып, үлкен жетістіктерге жетулеріне толық жағдай жасалған. Енді олардың үлкен спортта жетістіктерге жетулеріне аса назар аударуымыз керек. Облысқа есімдері танымал спортшы ардагерлер біздің оқу орнымыздың студенттеріне степендия тағайындады және олардың біразы студент спортшыларымызды жаттықтырып жүр. Осы еңбектерін ескеріп, оларға университеттің «Құрметті профессоры» атағын беріп жатырмыз. Біздің спортшыларымыз тек қана университеттің атын емес, Ақтөбе қаласының және еліміздің атын әлемге танымал етуде. Осындай чемпион-студентеріміз университет мақтаныштары. Оларға және олардың жаттықтырушыларына үлкен алғыс айтамын», — деп, университетте  спортты дамытуға қатысты   жоспарларымен бөлісті.

Әрі қарай университет ректоры халықаралық жарыстарда ел, аймақ намысын қорғап, облыстың спорт саласындағы жетістіктерін еселеп жүрген, жастардың биік белестерді бағындыруына қосқан үлесі және салауатты өмір салтын насихаттаудағы еңбектеріне орай бірқатар жаттықтырушы-оқытушыларды марапаттап, сыйлық табыс етті. Сондай-ақ,  кездесуге қатысқан спортшы студенттерге де сый-сыяпат көрсетілді.

 

Кездесуде кәсіби-шығармашылық факультетінің деканы Сабыржан Мұхтаров сөз сөйлеп, «Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасымен» тығыз жұмыс жасайтынын жеткізіп,  «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының ішінде мамандандыру траекториясын ашу жоспарын және оған кәсіби жаттықтырушыларды жұмысқа тарту жағын  тілге тиек етті.

Содан соң «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының меңгерушісі Төлеген Ботағариев университет ректорына  оқу ордамыздағы спорт деңгейін көтеруде жасап отырған жағдайына рақметін айтып, алдағы күндерде нәтижелі жұмыстарға бағыт берілетінін айтты.

Кездесу барысында студенттер университет басшысына өздерін қызықтырған  сұрақтар  мен ұсыныстарын жеткізді.