Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Зерек» балаларды дамыту орталығы ашылды

«Зерек» балаларды дамыту орталығы ашылды

Кеше Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жанынан құрылған «Зерек» балаларды дамыту орталығының ашылу рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысып, аталған орталықтың жұмысымен танысып шықты.   

Орталықта 5-10 жас аралығындағы балаларға арналған массаж, дефегтолог, логопед, мектепалды даярлық, робототехника, шешендік өнер, музыкалық ритмика сынды барлығы 18 кабинет жабдықталған.

— Мәңгілік елдің жарқын болашағы — бақытты балаларымыз. Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына қосылуы үшін жас ұрпақтың денсаулығы мықты, білімді, мәдениетті болуы тиіс.

Биыл Балалар жылын жариялауымыз бекер емес. Біздің жастарымыз қазіргі заман талабына сай білім алып, спортпен, өнермен айналысып, өздерінің өзге мемлекеттердегі қатарларынан кем болмауы керек.

Бүгінде балалардың тіл білуі, ақпараттық технологияны меңгеруі — өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда Елбасының үштілділік саясатын барынша қолдап, осындай орталықтарды көбейтуіміз керек.

«Зерек» балаларды дамыту орталығының ашылуына үлес қосқан университет ректоры Бауыржан Амангелдіұлы бастаған ұжымға ризашылығымды білдіре отырып, алда келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен баршаңызды құттықтаймын, — деді облыс әкімі өз сөзінде.

Орталықта балалар екі ауысым бойынша денсаулық сақтау және қауіпсіздік мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, ағылшын тілін меңгеру курстары бойынша топтық және жеке сабақтар ала алады.

— Өткен жылы университет қабырғасында «Стартап» бизнес-идеялар байқауы ұйымдастырылды. Байқау нәтижесінде педагогика факультетінің мектепке дейінгі және арнаулы білім кафедрасы жеңімпаз атанды. Олардың «Ақылды балабақша» деп аталатын жобасы қолдау тауып, бүгін балалардың игілігіне беріліп отыр. Орталықтың тиімді тұстарының бірі студенттер педагогикалық тәжірибеден өтіп, болашақ кәсіптерін шыңдауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ бұл жерге тек денсаулығында кінәраты бар балалар ғана емес, интеллектуалды шығармашылықтарын дамыту үшін кез келген бала келе алады. Орталық 100 балаға арналған, — деді «Зерде» балаларды дамыту орталығының жетекшісі Клара Төребаева.

Шара соңында облыс әкімі орталықты аралап, бүлдіршіндердің дайындаған мерекелік концерттік бағдарламасын тамашалады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК

http://www.aktobegazeti.kz/?p=71634