Четверг, Октябрь 1, 2020
Басты > Жаңалықтар > Бүгін Абай Құнанбайұлының туған күні

Бүгін Абай Құнанбайұлының туған күні

Қазақ даласында ұлы ақынымыз Абайдың туған күнін тойлау әлі де бір ізге түспегендігі бізді де, Абай мұрасына аса ыждаһаттылықпен қарайтын азаматтар да қатты алаңдатары сөзсіз. Ақын туған күніне қатысты екі ұдай пікірдің қалыптасып келе жатқандығы елдігімізге сын екендігі де ақиқат. Тамыз айы басталысымен Абайдың дүниеге шыр етіп келіп, кіндік қаны тамған уақытты кеңбайтақ тәуелсіз мемлекетіміздің әр жерінде бір күнде емес, жер-жерде әрқилы тойлауымыздың мәнісі де осы бір тоқтамға келмегендігінен екендігі де ақиқат. Ақын туған күні туралы ойларымызды баспасөз беттерінде бұғанға дейін де білдіргенімізбен, еш нәтиже шықпай жатқандықтан биыл да қайыра ой қозғауымызға тура келіп отыр.

Ел арасындағы: «Ақынның нағыз туған күнін (10 тамыз) ұмыт қалдырып, 23 тамызға бет бұрғанымыздың мәнісі қаншалықты екені жұмбақ күйде қалды», және де «бұл күнді өзгертудің қандай маңызы бар» деген ойлардың қылай беруіне байланысты, әрі  Абайдың туған күніне қатысты екі түрлі пікірдің орын алмасына өз пікірімізді, қасиетті қарашаңырақ Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының ұстанымын тағы таныта түскен де абзал болар. Ең негізгісі бір тоқтамға келу бүгінгі күннің басты міндеті екендігі айқын.

Бір өкініштісі ақынның туған күнін 10 тамызда тойлауымыз қажет деген бағытты ұстаушылардың бұған дейін осы тақырыпқа тікелей қатысты жазылған мақалаларды оқымауы, не оқығысы келмегендігі көңілге реніш ұялатады. Егемендігімізді алғаннан бері, Қайым Мұхамедханұлының «Ұлы ақынның дүниеге келген және баз кешкен күндері қашаннан, қалай аталып келеді?», «Ақынның дүниеге келген күні», «Бәріміздің Абайымыз» атты мақалаларынан бастап Абайдың туған күні туралы келелі ойлар жинақталған еңбектер жарық көріп келе жатыр ғой. Елімізге танымал белгілі әдебиеттанушы-ғалым, ғылым докторы Арап Еспенбетовтің «Қазақ әдебиетінде» жарияланған «Абайдың туған күнін шатастырмайық», Т.Ибрагимовтың «Абайдың туған күні 23-тамызда атап өтілуі керек», қарымды қаламгер Д.Сейсенұлының еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Хакім ақын қай күні туған?» сынды мақалаларда бұл мәселе туралы дәлелді пікірлер берілген болатын.

Семей жұртшылығы, Абай қарашаңырағы ұлы ақынның туған күнін 23-тамызда тойлайды. Бұл ретте ешбір себепсіз «сырғату», не «ойнамалылық» жасалынып тұрған жоқ. Себебі ақынның туған күні ескіше 10 тамыз да, жаңа стильмен — 23 тамыз. Бұған кейбір зерттеушінің айтқанындай «хрестияндық күнтізбенің» де еш қатысы жоқ. (Қазіргі таңда григориан күнтізбесін пайдаланып отырғандығымызды ескерте кеткен-де жөн болар).

Ескі стиль мен жаңа стильдің айырмашылығы 13 күн екендігін кез-келген адам, халық календарьларына қатысты еңбектермен танысқан әрбір ғалым біледі деп есептейміз. М.Исқақовтың «Халық календарын» оқыған адам бұндай «дауға» бармаса керек-ті. Кеңес заманының өзінде күнсанауға қатысты көптеген кітаптар жарық көрген. Олар: Н.В.Володомоновтың Москваның «Наука» баспасында 1987 жылы шыққан «Календарь: прошлое, настоящее, будущее», А.П.Пронштейн, В.Я.Кияшконың «Хроногия» (Москва, «Высшая школа») және де «Хронологический справочник» («Наука» Ленинградское отделение) атты еңбектер.

Бұл ретте күнтізбеге қатысты, яғни жеке тұлғалардың нақты туған – қайтыс болған күндеріне орай ұстанымдарын ертерек жөнге қойып алған көрші елдеріміздің алғырлығына тағы бір тәнті боларымыз хақ.

Жә, делік, өзімізге ойыссақ. Ұлы Абайдың нақты туған күнін 23 дегенге қарсы дау айтар адамдардың басты екі-үш уәжі бар.

Біріншісі: «Сонда біз Абайды кейінге шегерсек, ХІХ ғасырда туған барлық жеке тұлғалардың, сонымен қатар Мұхтарлардың, Сәбиттердің, Қаныштардың да туған күнін «реформалауымыз» қажет болар»,- деген сипатта келеді.

Екінші: «Ұлы ақынның туған күні 10 тамыз деп күні бүгінге дейін тойланып келді емес пе. 150 жылдық той да осы күні тойланды. Бұл не білместік пе?» — деу.

Үшіншіден: «Абайдың нақты туған күні 23 тамыз десек те, оны ауыстырудан не ұтамыз, қалыптасып қалды ғой. 13 күн айырмашылығынан келіп-кетер дәнеңе жоқ қой», -деушілік.

Осыларға қатысты ойларымызды сабақтасақ.

Алғашқы қарсы пікірге аздаған мысал ғана келтіріп жауап беруге болады. Әйтсе де бұл ретте басты екі жайды ескере кеткен жөн. Біріншіден, өкінішістісі де — құжаттық деректердің болмауына, автобиографиялық жазбалардың жазылмауына орай ХІХ ғасырда дүниеге келген біздің көптеген ақын – жазушыларымыздың нақты қай күні туғаны туралы дәлелді деректер жоқ екендігін ескеруіміз қажет.

Екіншіден қазақтың көзі ашық, оқыған азаматтары өмірлеріне қатысты күндерді бірден реттеп алғандығы. Яғни өмірбаяндық деректерді жазу барысында бірден жаңа стильді пайдаланғаны.

Осы екі пікірге дәлел ретінде қазақтың ХІХ ғасырда дүниеге келген қос алыбын мысалға алайық. Алғашқы пікіріме, яғни ХІХ ғасырда дүниеге келген біздің көптеген ақын – жазушыларымыздың нақты қай күні туғаны туралы дәлелді деректер жоқ екендігіне халық жазушысы, артына баға жетпес мол әдеби мұра, қаншама ғылыми-зерттеу еңбектерін қалдырған С.Мұқановты алсақ. Және де бұл ретте ұзақ дәлелдеуге бармай-ақ елімізге танымал ғалым, сәбиттанушы Құлбек Ергөбектің мына бір пікірін оқысақ көп дүниеге қанығарымыз, ойша толғанарымыз, жауабын іздер, анығын табар жайлардың көп екендігін ұғынарымыз хақ: «Жазушы 1900 жылы 22 апрельде осы күнгі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Сәбит Мұқанов атындағы совхоздың жерінде дүниеге келіпті деген деректі әркім-ақ айта алады. Бірақ ресми документті толтырған Сәбит Мұқановпен бірге мемуарист Мұқанов және бар. Дерек пен жазушының құпия сырын салыстырып қарасақ, туған жыл жөніндегі аздаған алшақтықты байқаймыз. Ол, жазушының өз сөзімен айтқанда: «Кейін анықтасам, мен сиыр жылы, апрельдің он үшінде туған екем. Ол – 1901 жыл. Документте «1900 жылы» болып жүр. Әкем ол жылы қырық тоғызда, шешем қырық екіде екен» деген дерек». Ал, қарайық, Сәбеңнің туған күні ғана емес, жылы да туралы алшақтық шығып тұр ғой. Яғни бізде әр ақынның туған күні бүгінгі таңға дейін нақтыланбағандығы, өзіміздің жекелерген «даталарға» салғырт қарайтын асықпайтын ерекшеліктеріміз де жетерлік екен ғой.

Екінші пікірімізге, қайталап айтсақ қазақтың көзі ашық, оқыған азаматтары өмірлеріне қатысты күндерді бірден реттеп алғандығына, жаңа стильді бірден пайдаланғандығына дәлел ретінде басқа көзі ашық, оқыған азаматтарымыздың ішінен Мұхтар Әуезовті алсақ. М.О.Әуезовтің 28 қыркүйек күні дүниеге келгендігі баршамызға аян. Барлық еңбектерде де осылай жазылған және бұл анық шындық. Назарларыңызды мен ұлы жазушының жүз жылдығы кезінде жарық көрген ғұламаның туған күнінен бастап әр өмір кезеңін қамтитын бір кітапқа аударғанды жөн санадым. Яғни 1997 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан «М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі» атты кітаптың маңызы баршамызға аян. Соның алғысөзден кейінгі 1897 жылғы маңызды өмір сәттері жазылған 9 бетіндегі бірінші дерекке, алғашқы сөйлемге көз жүгіртсек: «Мен 1897 жылы қыркүйектің 15-інде туыппын. Туған жерім Семей уезіне қараған Тобықты іші». Бұл сөздерді жазып отырған автор кім, ол — М.Әуезов. Өзінің туған күні туралы жазып отыр. Және де 28 қыркүйек деп отырған жоқ. Осы ретте құрастырушының жақша ішіндегі жазғанын да келтірейік: «Бұл ретте туған күнін жылнаманың ескі есебі бойынша көрсеткен болуы керек». Міне ғұлама ғалым бір ғана жерде өзінің туған күнін 15 қыркүйек деп ескі стиль бойынша жазыпты. Басқа бір жерден кездестіре де алмайсыз. Яғни біз дауласпасын, шатаспасын деп М.Әуезов өз туған күнін бірден жаңа стильге, 28 қыркүйекке ауыстырып қойған. Бұдан артық дәлелдің қажеті де жоқ сияқты. Қаныш Сәтбаевқа қатысты еңбектерді оқысақ та ескіше 31 наурыз және жаңаша 12 сәуір деген күндерді байқай аламыз.

«Ақынның туған күні 10 тамыз деп күні бүгінге дейін тойланып келді емес пе. 150 жылдық той да осы күні тойланды. Бұл не білместік пе»,- деген екінші пікрге қатысты төмендегі ойларымызды жеткізуді жөн санадық. Шындығында да бүгінгі таңға дейінгі ұлы ақын мерейтойлары 10 тамызда тойланып келді. Бұл ретте мына жайларды да ескере кеткен жөн: 1909жылғы жинақта да, Ә.Бөкейхановтың жазғандарында да ақынның нақты қай күні туғаны туралы еш жазылмаған. Қ.Мұхамедханов сөзін келтірсек: «Мұхтар Әуезов сол 1933 жылдан бастап, өмірінің соңғы жылдарына дейін Абайға арнаған мақалаларында (Тегінде Мұхтардың Абай өмір тарихына арналған еңбегінің төрт нұсқасы бар: 1933, 1940, 1943 және 1950 жылы жазғандары), ең соңғы монографиялық үлкен еңбегінде де Абайдың туған айын, күнін атап жазған емес». Шындығында да М.Әуезов Абай ғұмырнасын төрт рет жазғанда да ақын туған күні атамай-ақ: «Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс тауын жайлаған Тобықты руының ішінде 1945 жылы туған»,- деп жазған. 10 тамыз деген деректі беруші — Әрхам Ысқақов. Абай өмірі туралы мол мағлұмат берген Әрхам: «1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келді келді», -дейді. Жаңаша деп тұрған жоқ, ескіше 10 тамыз деп жазылған. Ал, Қазақ календары 1975, 1976 жылдары және 1985 жылдан 1990 жылға дейін 8 тамыз деп де жалған мағлұмат беріп келді емес пе. Қайталап айтсақ ақыннның туған күні 23 тамыз болса, біз неге ендеше алдағы уақытта қате күнмен тойлауымыз керек. Өткенге өкініш білдірмей-ақ енді бір ізге түсуіміз, яғни алдымызды жөндеуіміз қажет болар. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» емес пе?

«Абайдың нақты туған күні 23 тамыз десек те, оны ауыстырудан не ұтамыз, қалыптасып қалды ғой. 13 күн айырмашылығынан келіп-кетер дәнеңе жоқ қой», -деушілік, аздаған күнде тұрған не бар деген пікір өте білместікпен айтылған сөз деп білемін. Бұл жерде де өзге халықтардың бұл бағыттағы жеткен жетістіктерін айтпай кетпеске болмайды. Мысалы Пушкиннің, Толстойдың әр күнгі өмір тарихы жазылып қойған, белгісіз күндері мен сағаттары жазылып та жатыр. Әрине оған естеліктер жазылуының әсері, зерттеулердің көптігі, хаттарының сақталуы себеп бола алады. Егер біз Абайдың туған күнінен бастап өмірінің әр уақытын жылнама етіп жазып шықсақ нұр үстіне нұр болады емес пе. Ең өкініштісі сол замандағы көнекөз қариялар мен құйма құлақ ақсақалдарымыздың қалдырып кеткен азды-көпті мәліметтерімен, архивтік бірлі-жазым деректерімен ғана шектелеп қалатынымыз. Бізге беймәлім деректер шығып жатса тек қана қуана қарсы аларымыз сөзсіз.

Қайталап айтсақ ақынның туған күнін таласқа салмай ел болып 23 тамыз күні атап өтуіміз қажет. Барлық ғылыми еңбектерде Абай Құнанбайұлының туған күні 23 тамыз, және жақша ішінде ескіше 10 тамыз деп тайға таңба басқандай көрсетіп қоюымыз шарт. Өткенге өкініш білдірмей-ақ енді бір ізге түсуіміз, яғни алдымызды жөндеуіміз қажет.

Жандос Әубәкір

Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының

директоры, ф.ғ.к., доцент

http://abayeli.kz