Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Білім беру сапасын дамытуға арналған халықаралық форум

Білім беру сапасын дамытуға арналған халықаралық форум

«Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін сапалы білім берумен қамтамасыз ету менеджменті». Осындай тақырыпта Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде халықаралық форум бастау алды. Екі күнге созылатын шарада 11 елден келген сарапшылар және жоғары оқу орындарының басшылары білім беру сапасын дамыту стратегиясын әзірлемек.

Шетелдік оқу орындарының тәжірибесі бойынша жоғары білім берудің әлеуетін арттыру  — ауқымды шараның негізгі мақсаты. Форумға арнайылап Ресей, Беларусь, Польша, Түркия, Қытай, Корей елінен және тағы да басқа мемлекеттерден,  сондай-ақ, еліміздегі 25 оқу орнынан сарапшылар, ғалымдар шақырылған. Олар екі күн бойы білім беру сапасын дамыту бойынша ұсыныстар енгізбек.

Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов халықаралық жиынға қатысушыларға өңір басшысының құттықтауын жеткізді. Ол қоғамның дамуына ықпал ететін білім беру жүйесінде мобильдік сапаны арттыру керек деді.

Жұбанов университеті бүгінде 125 жоғары оқу орнымен «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасымен тікелей байланыс орнатқан. 300-ге жуық ақтөбелік студент өздерінің мамандықтары бойынша шетелдің беделді білім ордаларында бірсеместрлік, біржылдық оқу гранттарымен қамтамасыз етілген. Ынтымақтастықтың нығаюы арқасында Түркия, Польша елдеріндегі білім беру ұйымдарында «Қазақ елі» орталығы жұмыс істейді.

«Жастар жылы» мен Ақтөбенің 150 жылдығы аясында өтіп жатқан шара кезінде маңызды кездесулер, панельдік сессиялар, жаңа нысандар ашылмақ. Ал халықаралық форумның сараптамалық қорытындылары шетелдік және Жұбанов университетінің басылымдарында жарияланады. Маңызды басқосуда қазақтың ұлттық костюмдерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Гүлбағда Қайратқызы

http://aktobetv.kz/kz/news/society/bilim-beru-sapasyn-damytuga-arnalgan-halykaralyk-forum