Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің өңір тұрғындарына ҮНДЕУІ

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің өңір тұрғындарына ҮНДЕУІ

Құрметті ақтөбеліктер, қадірлі жерлестер!

Мен өңір басшысы ретінде 900 мыңнан аса тұрғынның баршасына жауаптымын. Әлемде де, елімізде де қандай ахуал қалыптасқанын өздеріңіз біліп отырсыздар. Көрші облыстарда да науқас сандары көбеюде. Яғни қауіп күшейді. Ал, сіздердің амандықтарыңыз мен үшін өте қымбат.
Ақтөбе қаласында бүгінгі күнге бір ғана коронавирусты жұқтырған науқас тіркелген еді, осы жаңа тағы бір адам анықталып, екеу болды. Осымен шектеліп қалсақ, қанеки. Сондықтан қауіп жоқ деген ойдан аулақ болып, сақтық шараларын күшейтуіміз керек. Сол себепті мен төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияға ұсыныс енгіздім. Олар қолдады. Ақтөбе облысында ертең, яғни, наурыз айының 30-ынан 31-іне қараған түні сағат 00.00 ден бастап ерекше жағдайдағы шектеу режимі енгізіледі. Ақтөбе қаласының және барлық аудандардың сыртқы периметрлеріне блок-постар қойылады. Транзиттік көліктер, сондай-ақ тамақ өнімдері, дәрі-дәрмектер және медициналық мақсаттағы бұйымдар, Ақтөбе облысының және Ақтөбе қаласының өнеркәсіптік, ауылшаруашылық кәсіпорындарына қажетті тауарлар мен материалдарды тасымалдайтын көліктердің жүрісі тек арнайы рұқсат қағаздары арқылы жүзеге асырылады. Басқа көлік құралдары мен азматтарға облыс аумағы мен Ақтөбе қаласының территориясына кіруге және шығуға тиым салынады. Полиция, Ұлттық гвардия жеке құрамы, арнайы құрама және Қорғаныс министрлігінің әскери күштері осы тәртіпті жүзеге асыруға кіріседі.
Мұны біз дұрыс түсінуіміз керек. Ерекше жағдайдағы шектеу режимі, яғни оқшаулану, ол ең әуелі өз өмірімізді сақтау үшін қажет. Және басқаларға қауіп тудырмаудың алғышарты. Сол себепті бөгде адамдармен қарым-қатынасты тоқтату керек. Мейлі, ол – жақын тумаңыз, көршіңіз болса да. Осындай темірдей тәртіпке бағынсақ зардаптан аман қаламыз. Өзіміз де, отбасымыз да. Індет кең тараған елдердің тәжірибесі бізге осыны көрсетеді. Тек оқшаулану ғана бізді індет дертін жұқтырудан сақтандырады. Көпқабатты үйлердегі пәтерлерден, жеке үйлердегі ауладан шықпаған дұрыс. Қалада да, ауылда да осындай тәртіп орнатылсын. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмыстарын жалғастырады. Күнделікті қажет заттарды, азық-түлік, дәрі-дәрмек алу үшін жақын орналасқан дүкенге, дәріханаға баруға рұқсат беріледі. Үйден тек аса қажет болғанда ғана шыққан жөн. Басқадай бейсауат жүрістерге тиым салынады. Ерекше жағдайдағы шектеу режимін бұзғандарға заң жүзінде қатаң шара қолданылады. Жоғарғы мөлшерде айыппұлдар салынады және қамауға алынады. Қалалар мен аудан орталықтарында үйден шықпай интернет, телефон арқылы тапсырыс беру жағдайлары қарастырылған. Өңірде азық-түлік, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Оған алаңдаудың қажеті жоқ. Дезинфекциялық залалсыздандыру заттарының да қоры мол. Өздеріңізге карантин жағдайындағы ережелер жайлы ақпарат телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы таратылады. Егер індеттің алғашқы белгілері өзіңізде, немесе жақындарыңызда байқалса, бірден жедел жәрдем шақырыңыз. Науқасқа шалдыққандарды оқшаулауға, медициналық көмек беруге тиісті орындар анықталған. Құрал-жабдықтар, білікті мамандар жеткілікті. Арнайы құрылған штаб күні-түні тынбай қызмет жасайды. Су, жылу, электр жарығы, газ уақтылы беріледі. Барлық мекемелерде, қоғамдық орындарда, көшелерде санитарлық-дезинфекциялау тәртібі қатаң сақталады. Қоғамдық көлік тасымалдауы мен такси қызметтері де осындай тәртіппен жұмыс жасайтын болады.

Ардақты ағайындар!

Біз мұндай нәубеттің талайын бастан өткізген халықпыз. Осындай сын сағатта ел екендігімізді көрсетейік. Бір-бірімізге демеу болайық. Жасы үлкен қарттарымызды ұмытпайық. Олар үйлерінде жападан жалғыз назардан тыс қалып жүрмесін. Көрші-көлем болып, телефонмен хал-жағдай сұрасып тұрайық. Қажеттіліктерін өтеуге жәрдем берейік. Көпбалалы отбасыларын да ұмытпайық. Өмір бір орында тұрмайды. Ең бастысы үмітімізді үкілеп, ертеңгі күнге сенімімізді арттырайық. Елдігімізді асқақтатып, ұлттық ұйысудың үлгісін көрсетейік. Өйткені ешкім де сырттан келіп біздің жағдайымызды түзетіп бермейді. Не жасасақ та өзіміз жасаймыз. Тек береке-бірлік болсын. Сонда ғана қандай қиындық болса да бірге жеңіп шығамыз. Күн жаманы кетер дегендей, бұл сынақтан да аман-есен өтерміз. Індет зардабынан келген шығындардың да орны толар. Оны дұрыс түсінейік. Оңай болмайды. Біраз уақыт қиыншылыққа төзуге тура келеді. Тек ұнжырғамызды түсіріп алмайық. Қазаққа тән қайсарлығымыз, асқақ рухымыз биік болсын! Өзіміз жоспарлаған істерімізді іске асырамыз. Көшелерімізді жөндеп, жолдарымызға асфальт төсейміз. Әлеуметтік нысандарымыздың құрылыстарын жалғастырамыз.
Ал енді, ағайындар, амандықтарыңызды тілеймін. Ерекше жағдайдағы шектеу ережелерін қатаң сақтайды деп өздеріңізге сенемін.

 

http://akt.gov.kz/kk/news/kurmetti-aktobelikter-kadirli-zerlester