Среда, Январь 26, 2022
Басты > БАҚ біз туралы > Жетім балаларға қолдау көрсетілді

Жетім балаларға қолдау көрсетілді

74 түлек университеттер мен колледждерге қабылданды 

Біздің облыстағы қамқоршылықтағы, қорғаншылықтағы және патронаттық тәрбиедегі 74 балаға жоғары оқу орындарында және кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде тегін білім алу үшін сертификаттар табысталды. Бұл игі іс облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің бастамасымен ұйымдастырылды.  

9,11-сынып бітірген мемлекет қамқорлығындағы балаларға сертификат табыс ету рәсімі онлайн форматта өткізілді. Шараға университет ректорлары, колледж директорлары, қалалық және аудандық білім бөлімінің басшылары, 9,11-сынып түлектері қатысты.

Жаңа форматтағы жиында облыстық білім басқармасының басшысы Л.Оразбаева, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Б.Ердембеков, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің проректоры Ө.Таубаев және колледж директорлары түлектерді құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ олар түлектерге сертификаттар табыс етті. Барлығы 74 түлекке сертификат берілді. Оның ішінде 26-сы — жоғары оқу орны, 48-і — кәсіптік-техникалық білім беру мекемелеріне оқуға қабылданды.

— Дәстүрге айналған іс-шара 3 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Тегін білім алу мүмкіндігіне ие болған жетім балалардың саны да жыл өткен сайын арта түсуде. Мысалы, 2018 жылы — 47 бала оқуға түссе, былтыр — 53 баланың тілегі орындалды. Биыл мемлекет тарапынан берілген мұндай үлкен қолдауға 74 қорғаншылықтағы, қамқоршылықтағы және патронаттық тәрбиедегі бала қол жеткізіп отыр, — деді Ләззат Оразбаева.

Айта кету керек, былтыр Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне 17 жетім бала оқуға түсті. 2 қорғаншылықтағы бала Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің студенті атанды. Сондай-ақ мемлекет қамқорлығындағы балалар М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті, Алматы халық шаруашылығы университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Орынбор мемлекеттік университеті, Қазақ-орыс халықаралық университетіне оқуға қабылданды.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

https://aqtobegazeti.kz/?p=88085