Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тарихты түзе білген тұлғаның бірі

Тарихты түзе білген тұлғаның бірі

«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласы Тәуелсіздік тағылымын, еліміз тәуелсіздігін алған тұстағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  тағылымын жаңа биіктіктен зерделеуге жетелейді. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан астам уақыт болды. Бірақ осы аз уақыт ішінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жүргізген саясаты, тарихымыздан, сонымен бірге жаңа уақыттың талабы негізінде жүктеліп отырған мәселелерді тез арада жүйелі түрде оңтайлы шешіп отырғандығы белгілі. Атап айтсақ, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында ел алдында тұрған өзекті де әрі күрделі мәселелердің бірі, бұл қоғамның тұтастығын, ел ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету, шекараны бекіту, ел мүддесін нығайтып отыратын стратегиялық саясатты қалыптастыру, соның негізінде экономиканы, ғылымды (өзгеде қоғамдық сана түрлерін нығайту) дамыту болатын.

Мемлекетке және оны басқаратын біріші басшыға жүктеліп отыратын бұндай үлкен міндеттер, ол мемлекеттің уақыт талабына сай дамып отыруын үйлестіруде, қоғамның ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар, қоғамдық сана түрлерінің тұрақты түрде дамуын жүзеге асыру, әлемдік саясатта өзінің алар орнын, рөлін қалыптастыру болып табылады. Бұл ұлттық қауіпсіздікті нағайту үшін де маңызды. Осы тұрғыдан келгенде Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Елбасы тұлғасының өзіндік орны бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мақалада атап көрсеткендей, «Тарих жолы тақтайдай тегіс, түзу бола бермейді. Бұрылысы мен қалтарысы жиі кездесетін дәуірдің сыншысы да көп. Ал нақты әрі батыл іс-әрекетке бара алатын адамдар сирек. Мұндай тұлғалар тарихты түзеді, жаңа заманды алға жетелейді».

Тарихтан, бүгінгі уақытымыздан да белгілі мемлекет, халық және өскелең ұрпақ үшін қашанда құнды әрі бағалы дүние бұл тәуелсіздік. Тәуелсіздікпен келетін жайма шуақ күнді аңсаған бабаларымыз болашақ, әсіресе ертеңгі буынның келешегі үшін аянбай тер төкті. Олардың ұрпақ игілігі үшін аянбай тер төгуінің мақсаты, азаттыққа қол жеткізген уақытта халықтың төл дүниелерінен қол үзбеуіне, соған қайта қол жеткізуіне ықпал ететін тарихты қалдыру болған. Тәуелсіздік жылдарында осы бағыттағы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен жүргізілген «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» және «Рухани жаңғыру» бағдарламалары қоғамдық сананың нығаюын, ұлттың тұтастығын, ұлттық бірегейлікті қамтамасыз етудегі елеулі қадамдардың бірі болып табылады.

Елбасы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы атап көрсеткендей, «ұлтты біріктіруші ұлы тұлға ретінде тәуелсіздік тұжырымын бекітуге және нығайтуға  бар күш-жігерін арнады. Еуразия құрылығында алыптардың ортасында отырып, достық рәуішті дипломатия арқылы мәмлегерлік жолда ұстанды».

Мемлекетті нығайту ісі белгілі бір кезеңмен ғана шектеліп қалмаған. Ұлттық мүдде мемлекет пен халықтың ұрпақтан ұрпаққа табыстайтын төл мұрасы. Қазақстан тәуелсіздігін алған тұста жаңа мемлекет алдында үлкен тарихи міндеттер тұрды. Оны оңтайлы әрі сәтті түрде жүзеге асыру үшін де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбегі зор. Бұны бүгінгі ұрпақ та, ертеңгі қоғам да біледі.

 

 

 Үмбетқан Сәрсембин,

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты