Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Дүниенің тұрақтылығы жомарт жандардың қолында

Дүниенің тұрақтылығы жомарт жандардың қолында

Қазақ білім ордасының қара шаңырағы Құдайберген Жұбанов университетіне — 85 жылдық тарихында талай тағдырлы кезеңдердің, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің куәсі болды. Бүгінде халықаралық байланыстары нығайған университет әлемдік білім кеңістігінен өз орнын айқындап, еліміздегі көпсалалы жоғары оқу орындары арасында көшбасшылық межені сақтап келеді.

1935 жылы негізі қаланған оқу ордасы көптеген тарихи кезеңдерді өткерді. Осы мерейтойға үлкен нәтижелермен жетіп отыр. Қазіргі рейтинг көрсеткішімен ел бойынша төртінші орында тұр. Бүгін білім ордасының айтулы мерейтойлық датасы салтанатты шарамен жалғасты.

Жастар сарайының «Мәңгілік ел» конферец-залында  өткен салтанатты жиынға кәсіпорын басшылары, меценаттар, университеттің ардагер-ұстаздары мен профессор-оқытушылары, белсенді жастар қатысты. Мерейтойлық рәсім  «Жұбанов университетіне 85 жыл» атты деректі фильммен ашылды.

Жиынды құттықтау сөзімен ашқан университет ректоры,  профессор Бауыржан Ердембеков оқу орнының тарихын баяндап, бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктерімен таныстырды. Сондай-ақ білім ордасынан түлеп ұшқан, бүгінде әр салада абыройлы қызмет жасап, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген университеттің түлектерін де атап өтті.

— Әрбір білім ордасының басты мақтанышы өзі ұшырған, өмірден лайық орнын тапқан түлек­тері мен оларды баптап, қанат бітірген ұла­ғатты ұстаздары екені даусыз. 85 жыл ішінде кең байтақ республикамыздың түкпір-түкпірінен білім­ге шөліркеп келген жүз мыңдаған түлектер үлкен өмірге жолдама алды. Солардың арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері мен саңлақтарымыз Елеусін Наурызбайұлы Сағындықов, Оңдасын Сейілұлы Оразалин, Ерлан Карин, Айгүл Мұқашева, Сәния Қалдығұлова, Қанат-Света Айтбаевтар, Гүлзат Көбенова, Галиб Джафаров, Оксана Лоскутова және де облыс, қала, аудан деңгейінде ел тізгінін ұстап жүрген түлектерімізді мақтанышпен атап өтуімізге болады, — деді Б.Ердембеков.

Университет ректорының айтуынша, биыл мерейтойға орай университетте бірнеше бағыттағы 85 игілікті іс-шара жүзеге асырылуда. Олардың қатарында 85 үздік оқытушы мен қызметкерді және студентті анықтайтын жоба, «Жұбанов кітапханасы» сериясымен шығатын 85 үздік кітап, 85 патент, 85 ғылыми жоба, «Жәдігер жерде қалмасын» акциясы аясында университет музейіне табысталатын 85 құнды жәдігер, университет ғалымдарының «85 жылдыққа – 85 кітап» атты тартуы, студенттерге Қ.Жұбанов атындағы 85 грант бөлу шарасы, 85 үлгі тұтар еріктілер ісі, тағы да басқа жобалар бар.

Өз кезегінде Б.Ердембеков Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, профессор-оқытушылар мен қызметкерлердің еңбекақысын көтеру мәселесіне кеңінен тоқталды.

— Университетте бүгінгі таңда оқытушылардың орташа жалақысы 230 мыңға жетіп отыр. Өткен оқу жылында профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 10%-ға өсірілсе, 2020-2021 оқу жылында профессор-оқытушылар құрамына ғана емес, барлық қызметкерлердің еңбекақысын  50% өсіріп, оған университет қаржысынан 600 млн қаражат бөлінді. Қара шаңырақтың 85 жылдығына орай ұстаздар күніне сәйкес университеттің бюджеттік комиссиясының шешімімен барлық қызметкерлерге бір айлық қызметтік жалақы көлемінде сыйақы берілді,- деді ректор.

Еске салсақ, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жоғары оқу орны оқытушыларының жалақысын көтеруге тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда көпшілік оқытушылардың еңбегі қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойлаймын деген президент «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мұғалімдерді ынталандыру шаралары қарастырылғанын атап өтті. «Бірақ іс жүзінде жоғары оқу орны оқытушысының жалақысы мұғалімнің жалақсынан аз болып қалды. Осыған орай, үкімет жоғары оқу орны оқытушыларының еңбекақысын көбейту мәселесін қарастыруы керек», – деді Президент.

Сөз соңында  университет басшысы университеттің дамуына қосқан елеулі еңбектері үшін бір топ ардагерлер мен «Жұбановқа жомарттық» акциясы аясында демеушілік жасаған меценаттарды «Құдайберген Жұбанов» медалімен, «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» медалімен, «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне 85 жыл» мерекелік медалімен марапаттап, Алғыс хаттар табыс етті.

Салтанатты жиында сөз алған меценаттар  Бақтыгерей Адманов, Қанатбай Елеусізов, Роман Рахиев білім ордасының ұжымына ыстық ықыластарын білдірді. Олар өз сөзінде  оқу орнының ерекшелігіне кеңінен тоқталып, ізгілікке негізделген қоғам құруда университет қолға алып отырған бастаманың маңызы зор екендігін айтты.

Айта кетейік, Жұбанов университетінің экожүйесіне келетін болсақ, материалдық-техникалық базаның 80%-ы жаңартылды. Ал, аталған оқу ордасында инвесторларды тарту, меценаттармен жұмыс жүргізу мақсатында  құрылған «Жұбановқа жомарттық» жобасының аясында меценаттар кабинеттер мен дәрісханалар жабдықтауға бүгінге дейін 82 миллион теңгеден астам қаржы бөлді. Жалпы алғанда жүзден аса жабдықталған дәрісханалардың бірқат ары Арынғазы Беркімбаев, Қанатбай Елеусізұлы, Роман Рахиев, Бақтыгерей Адманов, Амантай Үмбетай, Марат Қойлыбаев, Ақылбек Дадин бастаған жиырмадан астам жомарт жүректі меценаттардың қаржысына жасақталды. Сонымен қатар биылғы жомарт меценаттардың қаржылық қолдауымен жинақталған 34 миллионға жуық теңгеге үздік білімімен көзге түскен 72 студент білім алуда. Мерекелік шара аясында тағы 10 меценат университет студенттеріне 3 млн. теңге көлемінде шәкіртақы табыстады.

Жұбанов университетінің білім алушыларының сапалық құрамы жылдан-жылға жақсарып келеді. Бүгінде білім алушылар контингентін республиканың әр өңірінен және шетелдерден келген 15 мыңға жуық жас құрайды. Университеттің қазіргі профессор-оқытушылар құрамының 50%-ын ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD құрайды. Университетте белгілі қоғам қайраткерлері мен көрнекті ғалымдар қызмет етеді. Соңғы жылдары профессор-оқытушылық құрам «Жұбанов – ғалымдар ордасы» жобасы аясында жұмысқа қабылданған 100-ден астам жас буын PhD мен магистрлер есебінен толықты.

Мерейтойлық шара аясында  университеттің шектелдік серіктестері мен танымал түлектері оқу ордасының басшылығы мен ұжымына бейнеқұттықтау арқылы ыстық ықыласын жолдады. Сондай-ақ мерейтойда ТМД елдері мен Америка, Түркия, Польша  елдеріндегі 120 шетелдік серіктестердің және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық  университетінің, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық  университетінің, Абай атындағы педагогикалық университетінің, Назарбаев Университетінің және еліміздің өзге де жоғары оқу орындары ректорларының құттықтау хаттары мен жеделхаттары  келіп түсті.

Салтанатты жиын соңында университеттің 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған байқау қорытындысында жеңімпаз атанған «Жұбанов маршы» әні шырқалды.