Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет ректоры есеп берді

Университет ректоры есеп берді

 Бүгін Жастар сарайында Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков 2019-2020 оқу жылында атқарылған жұмыстар туралы өзінің кезекті есебін берді.

Есеп беру жиынына университет құрылымдарының басшылары, профессорлық-оқытушылық құрам және қызметкерлер  қатысты. Жиын тікелей эфирде Zoom платформасында ұйымдастырылды. Екі  сағатқа созылған кездесуде университет басшысы өткен оқу жылында атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндап, алдағы жоспарымен бөлісті.

— Бүгінгі таңда университет елімізде және өңірде инновациялық өзгерістерді жүзеге асыратын адами капитал қалыптастыру мақсатында қарқынды дамып келеді. Қара шаңырақ тірлігін заман талабына сәйкестендіріп қайта құру мақсатында Уни­верситет миссиясы қайта қаралды, стратегия­сы жаңғыртылып, кешенді жоспар жасалды. Осыған сәйкес университетіміз жоғары білім­ді интернационализациялауға, ғылыми жетіс­тіктерді коммерциялизациялауға және клас­сикалық университет моделінен Smart университет моделіне көшуге ұмтылу үстінде. 61 білім беру бағдарламасы бойынша университет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы рейтингіндегі жоғары оқу орындарының алғашқы ондығына табан тіреді. Бүгінгі таң­да ұлттық рейтингте үздік төрттікке енген оқу орнымыз көздеген меже биік: ұжым халықаралық QS World University Rankings рейтингісінде үздік 500 университет қатарына ену үшін қарқынды жұмыс жүргізуде, — деді, Бауыржан Ердембеков.

Кездесуде оқу орнының басшысы университеттің оқу, ғылыми-инновациялық, қаржы-шаруашылық, әлеуметтік, тәрбиелік қызметіне жан-жақты талдау жасап, жетістіктерді атап өтті.  Сонымен қатар ғылыми әлеуетті арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да шолу жасады.

— Университеттің даму стратегиялық бағыттары белгіленді. Академиялық шыңдалу, ғылыми мектептерді жетілдіру, дарындарды қолдау, өзгерістерге жауап бере алатын мамандар қалыптастыру, өңірдің дамуына үлес қосу, цифрландыру – міне, университет осы бағыттарға екпін түсіруде. Өздеріңіз білесіздер, университет үшін 2017-2018 оқу жылы материалдық базаны күшейту, 2018-2019 оқу жылы – сапа жылы, 2019-2020 оқу жылы ғылымды дамыту жылы болып аталып, осы салаларға күш салынды. Келесі үшжылдықта мамандардың кәсіби шеберлігін арттыруға, цифрландыруға, халықаралық деңгейге шығуға жұмыс жасалады, — деді ректор.

Осы уақыт шеңберінде университет ұжымы білім беру сапасын арттыру, ғылым жүйені жетілдіру, халықаралық ынтымақтастық, тәрбие, инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті жақсарту бойынша ауқымды жұмыс атқарды.

Айта кетейік, Жұбанов университетінің қазіргі профессор-оқытушылар құрамының 50%-ын ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD құрайды. Университетте белгілі қоғам қайраткерлері мен көрнекті ғалымдар қызмет етеді. Соңғы жылдары профессор-оқытушылық құрам «Жұбанов – ғалымдар ордасы» жобасы аясында жұмысқа қабылданған 100-ден астам жас буын PhD мен магистрлер есебінен толықты.

Бүгінде Жұбанов университетінде 78 бакалавриат, 40 магистратура және 6 докторантура мамандықтары бойынша мамандар даярланады, диссертациялық кеңестер жұмыс істейді. 14 мамандық бойынша арнайы білім беретін Жоғары колледж қайта құрылды.  Өңірдегі  шағын жинақталған мектептерге мамандар қажеттілігі ескеріліп қосарланған мамандықтар бойынша мұғалімдер даярланып, жұмыс берушілердің ұсыныстары негізінде білім бағдарламаларына жаңа білім траекториялары енгізілген. Сондай-ақ, университетішілік қос­дипломды білім беру және «Білім» бағыты ма­мандықтары бойынша көп тілде оқыту жүзеге асырылуда. Өндіріс сұранысына сай дуалдық оқыту жүйесін енгізу және өндірістік практика өткізу мақсатында отызға жуық Қытай компания­ларымен меморандум жасалып, 230 өндірістік кәсіпорындармен байланыс орнатылған. Сонымен қатар университет кафедраларының жүз жиырмадан астам филиалы ашылып, негізгі пәндер кәсіпорын базаларында жүргізілуде.

Бүгінгі есеп беру жиынында оқу ордасының басшысы жаңадан ашылған және жаңғыртылған атаулы кабинеттер мен орталықтар, әлеуметтік нысандардың жұмысы, университет құрылымдарын оңтайландыру жұмыстары жөнінде баяндап, жоғары оқу орнының болашақта тұрған міндеттерге де тоқталды.

— Университеттің экожүйесіне келетін болсақ, материалдық-техникалық базаның 80%-ы жаңартылды. Бірнеше нысан салынды. 500 орындық жастар үйі мен инновациялық технологиялар паркі пайдалануға берілді. Тағы бір ғимарат 350 орындық студенттер үйі ретінде жаңғыртылды. Нәтижесінде 2200 орындық төрт студенттер үйі сұранысты толық қамтамасыз етіп тұр. Екі жылыжай, Жұбанов жастары аллеясы мен Н.Байғанин атындағы аллея, 5 спорт алаңы пайдалануға берілді. 100-ге жуық жаңа нысандар ашылды. Олардың қатарында «Зерек» балаларды дамыту орталығы, Стартап академиясы, Балалар университеті бар. Жастар үйі жаңғыртылып, оның ішінде «Мәңгілік ел» мәжіліс залы, түрлі көрмелерге ыңғайланған Атриум, Кинозал, «Әдемілік әлемі» салоны, жерлестеріміз – қазақтың тұңғыш биші қызы Нұрсұлу Тапалова атында хореография залы, әнші Роза Жаманова атындағы дәрісхана, СТЕМ, ІТ лабораториялар ашылды, — деді ол.

Б.Ердембековтің айтуынша,  Ақтөбе өңірінен шыққан әйгілі тұлғаларды насихаттау мақсатында «Ақтөбе ақтаңгерлері» деген үлкен жоба іске асуда. Соның бір қадамы оқу ғимараттарына халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің, тарихшы-ғалым Бекежан Сүлейменовтің, қоғам қайраткері Мұхтар Арынның есімдері берілді.  Университет қаржысы, эндаумент қоры мен жомарт жанды меценаттардың көмегімен өңірге белгілі тарихи тұлға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне арналған заманауи озық технологиямен жабдықталған арнайы оқу кабинеттері ашылды. Сыйымдылығы 100 адамға дейін Құдайберген Жұбанов, Тахауи Ахтанов, Әбіш Кекілбаев, Өтежан Нұрғалиев атындағы конференц-залдар пайдалануға берілді. Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының кабинеті, Дербісәлі Беркімбаев, Тілеу батыр, Қабақ батыр, Бақтыбай батыр атындағы зияткерлік ойындар орталығы, Әлім Алмат, Досжан хазірет, Бекежан Сүлейменов, Әлия Молдағұлова, Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Елтоқ Ділмұхамбетов, Бәкір Тәжібаев, Рабиға Сыздық, Есет Жұбанов, Дәулет Үмбетжанов, Амантай Өтегенов тағы басқа айтулы тұлғалар мен Ауған соғысы ардагерлері атындағы дәрісханалар танымдық-тәлімдік маңызы зор орталықтарға айналып отыр. Жабдықталған дәрісханалардың бірсыпырасы Арынғазы Беркімбаев, Қанатбай Елеусізұлы, Роман Рахиев, Амантай Үмбетай, Марат Қойлыбаев, Бақтыгерей Адманов, Ақылбек Дадин, Олжас Баянов, Қуанышбай Байекешов, Жалғас Сағынов бастаған жиырмадан астам жомарт жүректі меценаттардың қаржысына жасақталған.

Сондай-ақ университет ректоры бәсекеге қабілетті мамандар даярлау және өндіріспен байланысы туралы да тілге тиек етті.

— Бәсекеге қабілетті маман дайындауда бірнеше бағытқа екпін түсірдік. Практик мамандарды көптеп тарту, дуалды білім беру элементтерін ұлғайту, студенттерді қосымша кәсіби сертификаттау (World Skills), кафедра филиалдарының сапасын арттыру, өндірістік және педагогикалық практиканы көбейту. 2019 жылы ҚР президентінің жанынан құрылған «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық Кеңесі» 5 қазақстандық ЖОО-да карьералық орталықтар ашты. Соның бірі Жұбанов университетінде ашылған болатын. Жұмысқа орналастыру көрсеткіші 75%-дан 95%-ға көтерілді, — деді Б.Ердембеков.

Ректордың айтуынша, оқу орнында мектеп оқушысының маман­дық таңдауынан бастап, университетті бітіріп жұмысқа орналасуына дейінгі аралықтағы қыз­метті қамтитын «Кәсіби даму және мансап» орта­лығы жұмысын бастады. Мұнда облыстық, қалалық білім беру басқармаларымен, мектеп­термен, аудан әкімдерімен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Осы 2019-2020 оқу жылында уни­верситет өкілдері «Жұбанов керуені» жобасы бойынша Ақтөбе облысының барлық ауыл-аймағы мен қала мектептерін аралап, 6 мыңнан астам мектеп бітірушілермен кездесті. Бұл кез­десулер жас түлектерге бағыт-бағдар беру, «Дип­ломмен – ауылға!» бағдарламасын одан әрі дамыту, ауылдық жердегі кадр тапшылығын жоюды бірлесе шешу, жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнатуға ықпал етті. Жоба негізінде қала мен аудан мектептерінде университеттің кафедра филиалдары ашылып, бес ауданда жергілікті атқарушы билік пен университет арасында меморандумдарға қол қойылды. Университет мерейтойы аясында үздік оқитын республикалық байқаулардың жеңімпаздары мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасы балаларына 85 білім гранты мен түрлі жеңілдіктер тағайындалды.

Жұбанов университеті де іргелі ғылыми зерттеулермен қатар, аймақтың қолданбалы міндеттерін шешуді үнемі назарында ұстап келеді. Университеттің ғылымын дамытуда ғылыми мектептердің рөлі ерекше.

Университет басшының айтуынша,  Ұлттық руханият және тұлғатану, әлеуметтік зерттеулер институты, физика бағытындағы материалтану, өнеркәсіптік инженерия, цифрландыру сияқты бірнеше ғылыми мектептердің жұмысы жандануда. Жыл сайын лабораториялар мен құрылғылар алуға қаржы көзі ұлғайып, жас ғалымдар ғылыми жұмысқа тартылуда. Нәтижесінде ғылыми жарияланымдардың белсенділігі және оларға сілтеме жасау үлесі артқан.

Ашық әңгіме түрінде өткізілген университет ректорының бүгінгі есебінде оқу-тәрбие процесі мен ғылыми-зерттеу сапасы, білім алушылардың академиялық ұтқырлығы, шетелдік серіктестермен бірлескен қосдипломды білім беру бағдарламалары, тілдік орталықтар мен зертханалар қызметін үйлестіру, шетелдік серіктестермен бірлескен халықаралық инновациялық жобалар түгел қамылды.

— Бүгінде университет әлемнің жүз елуге жуық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Польшаның Быдгощ қа­ласындағы Экономика университетімен, Қы­тай мұнай университетімен, Түркиядағы Кас­­тамону университетімен қосдипломды білім беру бағдарламалары сәтті жүзеге асып келеді. Польшадағы және Түркиядағы аталған уни­вер­ситеттерде «Qazaq eli» атты қазақ мәде­ние­тінің орталықтары ашылды. Алдағы уақытта академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелдік жоғары оқу орындарында білім алушылар санын екі есеге көбейту жоспарланып отыр. Білім бағдарламаларының барлық деңгейінде ағылшын тілінде оқытатын мамандықтар бар, соның нәтижесінде университетте білім алатын шетелдіктер саны артып келеді. Осы мақсатта университетте «Ата қоныс – Ақтөбе» жобасы басталып, соның аясында алыс және жақын шетелден келген ұлты қазақ студенттерге арнайы жеңілдіктер жасалды, — деді Б.Ердембеков.

Сондай-ақ, университет басшысы  Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, профессор-оқытушылар мен қызметкерлердің еңбекақысын көтеру мәселесіне де кеңінен тоқталды.

— Университетте бүгінгі таңда оқытушылардың орташа жалақысы 230 мыңға жетіп отыр. Өткен оқу жылында профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 10%-ға өсірілсе, 2020-2021 оқу жылында профессор-оқытушылар құрамына ғана емес, барлық қызметкерлердің еңбекақысын  50% өсіріп, оған университет қаржысынан 600 млн қаражат бөлінді,- деп түйіндеді сөзін.

Сөз  соңында Бауыржан Аманкелдіұлы университеттің ұйымшыл ұжымына ризашылықпен алғыс айтып, еңбектеріне табыс тіледі.

Есеп беру жиыны салтанатты шараға ұласты. Университет мерейтойына арналған салтанатты шарада профессор Б.Ердембеков білім алушыларға тәлім-тәрбие мен болашаққа бағдар беруде ерекше еңбек етіп ұстаздар мен құрылым басшыларына «Қ.Жұбанов» медалін, «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» медалін, «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің еңбек ардагері» медалін және «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне 85 жыл» мерекелік медалін табыстады.

Салтанатты жиын соңы «Жұбанов маршы» әнімен аяқталды.