Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қашықтықтан оқыту жағдайында IT қолданудың мүмкіндіктері

Қашықтықтан оқыту жағдайында IT қолданудың мүмкіндіктері

5 күнге созылған «Қашықтықтан оқыту жағдайында IT қолданудың мүмкіндіктері» тақырыбындағы әдістемелік апталық өз мәресіне жетті. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Абенова Бибигүл Сейілқызы мен оқу-әдістемелік жұмыс және қашықтан білім беру орталығының жетекшісі Кадиркулова Айнұр Нураддинқызының бастамасымен алғаш онлайн форматта 23-27 қараша аралығында «Қашықтықтан оқыту жағдайында IT қолданудың мүмкіндіктері» тақырыбындағы әдістемелік апталығы өтті. Бөлім тарапынан барлық факультеттерден жоспар жиналып, бекітіліп, орындалуы назарда болды.

Әдістемелік апталық факультеттер арасында 60-ға жуық вебинар, тренинг, іскерлік ойын, әдістемелік семинар, шебер-класс, практикалық сабақ, ашық сабақ, екеуара дәріс, дәріс конференция, бейнедәріс, қонақ дәріс, интеллектуалды ойын, интерактивті дәрістер өткізілді.

Әдістемелік апталықтың міндеттері:

• Білім сапасын арттырудың қазіргі педагогикалық технологияларын білім- тәрбие беру үрдісіне енгізіп, жетілдіру.• Жаңа жүйені енгізу және жетілдірудегі жұмыс бағыттарын бекіту, оқытушылардың ғылыми- әдістемелік деңгейін, кәсіби біліктілігін, шеберлігін дамыту.

• Білім алушыларды зертханалық, ғылыми- зерттеу жұмыстарын қашықтықтан ұйымдастыруға баулу.

• Қашықтықтан оқытудың мүмкіндіктері мен тиімділігін көрсету.

• Оқытудың цифрлық түрін қолдану, үлесін арттыру.

Апталық уақытында факультеттердің іс-шараларына оқу-әдістемелік бөлім басшысы, әдіскерлері қатысты.

Апталық барысында ІТ технологиясын қолдану мүмкіндіктерін әртүрлі форматта көрсете білген, университет оқытушыларының үлкен жауапкершілікпен дайындалғандығын баса айту керек. Сырттан қатысқан қатысушылар тарапынан әр түрлі сұрақтар қойылып, пікір алмастырылып, қазіргі қашықтықтан оқыту жағдайындағы талапқа сай мазмұнды, қызықты өтуі соның дәлелі.

Әдістемелік семинарда Қашықтықтан оқыту жағдайында on-line тақталарды қолдану (jamboard on-line тақтасы); Google қосымшаларында (google.com-кесте, google.com-презентация және т.б.) тапсырмалар құру және бірлескен жұмысты ұйымдастыру; Тапсырмалар құруға арналған онлайн сервистер (https://www.jigsawplanet.com/, https://quizlet.com/latest және т.б.); мәселелері қарастырылса, тренингтің ерекшеліктерінің бірі кәсіби ZOOM платформасының барлық мүмкіндіктер толық қолданыла отырып, тренинг барысы Facebook әлеуметтік желісіне тікелей эфир форматында 1000-нан астам желі тұтынушыларын ұсынылды. Шеберлік класта «Интерактивті мультимедиялық оқу құралдарын интернетте жасау және жариялау», «Визуалды контент жасау және өңдеу үшін онлайн-сервистер»,  «Онлайн-оқыту үрдісінде QR-кодтарды қолдану» тақырыптарында дидактикалық материалдарды дайындауға арналған ІТ технологиялар қарастырылып, Calameo, Canva сервистерімен және qrcoder.ru, ru.qr-code-generator.com генераторларымен жұмыс жасау жолдары көрсетілді.

«Үш түрлі күнделік» әдісі бойынша студенттер дәрістен ерекше әсер еткен дәйексөзді немесе ойды келтіріп, оны не үшін келтіргенін дәлелдеуі қажет болды.  «Қазақ әдебиеті сабақтарында өткізілетін кері байланыста цифрлы технологияларды қолдану» Padlet онлайн тақтасын кері байланыста қалай қолдануға болатыны жайлы айтты. Padlet тақтасына кіріп, презентациялармен таныстырып, оқушылардың бір-біріне қалай комментарий жазуға болатынын көрсетті. Сондай-ақ «Кері байланыс», «Рефлексия» ұғымдары туралы студенттер өз ойларын ортаға салса, дәріс барысында студенттерге виртуалды лаборатория және Learning Apps, Google Forms, Менделеев кестесі программаларымен жұмыс жасау реті көрсетілді.Қорытындылай келе, жалпы апталық жоғары деңгейде өтті. Апталық барысында оқытушылар бір-бірімен озық, заманауи тәжіриебелерімен бөлісіп, білім беруді жетілдірудің инновациялық әдіс-тәсілдерімен танысты. ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры, қатысушылар университеттің қашықтықтан оқыту жағдайында өзіндік жұмысты ұйымдастыру бойынша мәселелерді талқылап, заманауи білім беру технологияларын қолдана отырып, оқу процесінің сапасын жақсарту бірізді жолға қойылғандығын атап өтті. Апталықтың өткізілуіне ат салысқан факультеттің әдістемелік Кеңес төрайымдарына (Ж.А. Таскалиева, А.З.Айдарова, Э.А. Капина, Р.Р. Жұмағалиева, К.Б. Тлеукабылова, Г.М. Алгартова, Б.С. Имангалиева, Г.М.Ордабаева) бөлім атынан алғыс білдіреміз.