Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қадірлі құт дарыған Ақтөбе елі! Қасиетті Қара шаңырақ – Жұбанов университеті!

Қадірлі құт дарыған Ақтөбе елі! Қасиетті Қара шаңырақ – Жұбанов университеті!

Бүгін менің Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басшылығындағы қызметім аяқталып отыр. «Шығысым батыс болды» деп келген осы төрт жылға жуық уақытта Ақтөбе бізді құшағына алды. Кешегі Абайдың бабасы Ырғызбайдың, Кеңгірбай бидің кіндігін кескен өңірде, Шыңғыстаудағы Құнанбайды тауып, екеуі бірлесіп Меккеде тәкия салған Досжан Хазіреттің туған жерінде қызмет ету мен үшін әрі үлкен абырой, сонымен қатар парыз-тын. «Арғы бабаларыма пана болған елде сағың сынбасын»,- деп бата берген еді ауылдың ақсақалдары. Енді міне ақтаңгері аттан түспеген батырлар мен ақындар елінің, өзім қызмет еткен 85 жылдық тарихы бар Қара шаңырақтың батасын алып, туған жерге аттанып барамын.
Өз үйімдей болып кеткен, ғылым мен білімнің ұясы Жұбанов университетінің менің өмірім үшін алатын орны ерекше. Әрбір студенті мен қызметкері менің туғаныма айналды. Төрт жылда тебіндеп өскен таныс-білістік бүгін бағасы зор ерекше бауырластыққа ұласты. Жұбанов университеті мені өсірді, шыңдады, қолдады, қажет жерінде қорғады. Мен сол үшін Қара шаңырақтың әр-бір Жан иесіне басымды иіп, рахмет айтамын.
Ауыз бірлігі тонның ішкі бауындай жымдасқан Жұбанов университетінің ұжымына береке-бірлік, баянды ғұмыр тілеймін! Кешелі-берлі толассыз айтылып жатқан жаныңды баурар жылы лебіз-тілектеріңізге мың да бір рахмет! Батыс өңіріндегі ғылымы мен білімінің жан сарайы – Жұбанов университетінің жұлдызы жарқырай берсін! Мен қашанда Сіздермен біргемін!
Профессор Бауыржан Ердембековтің фейсбуктегі жазбасынан…