Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жаңа қызметке шығарып салды

Жаңа қызметке шығарып салды

Жұбанов университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков Семейдегі Шәкәрім университетінің ректорлық қызметіне тағайындалды.

Жұбанов университетінің ұжымы  мен студенттері профессор Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембековті жаңа қызметке шығарып салды.

Студенттер сарайында өткен басқосуға облыстық әкімшілік ұжымы, меценттар, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері  қатысты.

Жиынды алғысөзімен ашқан облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет  облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің  құттықтауын жеткізді.

«Құрметті  Бауыржан Аманкелдіұлы! Сізге білім беру саласында аянбай жұмыс жасап, ұрпақ тәрбиелеу жоланда және өңірдің қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін.

85 жылдық тарихы бар Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Сіз басқарған жылдары әлемдік білім кеңістігінен өз орнын тауып, еліміздегі көпсалалы жоғары оқу орындары арасында көшбасшылық университтетке айналды.

Сіздің бастамаңызбен мемлекеттік Университет білім ордасы ғана болып қоймай, облыстағы мәдени-көпшілік шаралардың ұйытқысы, рухани орталық ретінде көптеген жаңа жобаларды жүзеге асырды.

Сізге жаңа қызметіңізге сәттілік тілей отырып, еліміздің одан әрі өрге қадам басуына қомақты үлес қосады деген сенім білдіреміз.

Құрметті Бауыржан Аманкелдіұлы!

Өзіңізге деген ризашылығымды білдіре отыра, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, жауапкершілігі мол жаңа қызметіңізде сәттіліктер тілеймін!», — делінген құттықтау хатта.

Кездесу барысында сөз сөйлеген меймандар  Бауыржан Ердембековтің батыс өңірінде атқарған көптеген ауқымды істеріне жоғары баға беріп, жаңа қызметте өркендей беруіне тілектестік білдірді.

Мінберде сөз алған университеттің  академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бибігүл Абенова Бауыржан Аманкелдіұлын   жұмыс барысында өзін іскер ұйымдастырушы, жауапкершілігі жоғары, қызметкерлерін жұмылдыра білетін білімді де, білікті басшы  ретінде көрсете білгенін ерекше атап өтті. Университет проректоры сөз соңында Ғылыми Кеңес шешімімен Бауыржан Ердембековке «Құдайберген Жұбанов» медалін табыстап, құрметпен иығына шапан жапты.

Жиын соңында  профессор Бауыржан Ердембеков барша әріптестеріне қолдау көрсеткені және бірлесіп атқарған жемісті еңбектері  үшін алғысын білдірді.

«Жаны таза адамның жанында жүрсең, өзің де тазаланып қаласың» деген рас сөз. Ендеше, жаны таза, рухы мығым, қуатты қайсарлығынан алатын, үлкен жүректі Абай армандаған толық адамның қатарына абайтанушы ғалым  Бауыржан Ердембектовті қосуға болады. Олай дейтін себебіміз,  2017-2021 жылдары Жұбанов университетінде ректорлық қызмет атқарған Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембековтің бүгінде еліміздің  үздік университеттері қатарына іліккен Жұбанов  шаңырағына сіңірген еңбегі зор. 43 жасында Ақтөбе өңірлік  университетіне  бекітілген ректор еліміздің білім беру ісін жаңа бағытқа бұрып, ғылым айдынына тың тыныс әкелді және Ақтөбе өңірінің өркендеуіне сүбелі үлес қосты.

Ол университетке келісімен оқу орнының  жан-жақты дамуы мен оқу сапасын арттыруға негізделген ауқымды  іс-шараларды жүзеге асырды. Көптеген жаңа мамандықтар мен жаңа оқу кабинеттерін ашып,  материалдық-техникалық базаның нығаюына зор ықпалын тигізді. Оқу ғимараттары оқыту үрдісіне, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қажетті құралдармен жабдықталды. Тәжірибелі ғалымдар мен жас мамандарды өз маңына топтастырып, үлкен мектеп қалыптастырды.