Вторник, Март 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Облыстық архивте 6 мың құжат электронды нұсқаға көшірілді

Облыстық архивте 6 мың құжат электронды нұсқаға көшірілді

Биыл облыстық архивтің қызметкерлері Ресейдің Санкт-Петербург, Уфа қалаларына экспедиция ұйымдастырмақ. Топ құрамында архив қызметкерлерімен қатар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары бар. Қазір топ мүшелері дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Облыстық архивтің бөлім басшысы Бақытгүл Ешмұратованың айтуынша, облыста алғашқы экспедиция 2019 жылы ұйымдастырылып, Орынбор облысы мемлекеттік архивіне ғылыми зерттеу, іздестіру жұмыстары жүргізілген. Іздестіру барысында XVIII-XX ғасыр аралығында жазылған құжаттар табылған. Ал өткен жылы жоспарланған ғылыми-іздестіру экспедициясы індетке байланысты биылғы жылға ауыстырылған.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында облыста «Архив-2025» жобасы шеңберінде іс-шаралар жоспары қабылданған болатын. Осы орайда бүгінгі күні «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстық архивте құжаттарды электронды-сандық нұсқаға көшіру қарқынды жүргізілуде. Бұл болашақта құжаттардың ұзақ сақталуына, мемлекеттік архивтердің жұмысын толық автоматтандыруға ықпал етіп, ақпараттық ресурстардың және оны қолданушылардың архивтік түпнұсқаларға қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Өңірлерде архив қорында сақтаулы дүниелерді жаңа жүйемен реттеу соңғы екі жылда белсенді жүргізілуде. Ол үшін жергілікті бюджеттен 45 млн теңге қаржы бөлініп, 15 компьютер, 14 планшеттік сканер, архив материалдарын шаң-тозаңнан тазартатын жылжымалы қондырғылар сатып алынған.

Айта кету керек, бүгінде ғасырға жуық тарихы бар облыстық архив қорында 700 мыңнан астам тарихи, құнды құжат бар. Оның ішінде 6 мың құжат электронды нұсқаға көшірілді.

 

Дина АМАНГЕЛДИНА

https://aqtobegazeti.kz/?p=97770