Суббота, Май 15, 2021
Басты > Жаңалықтар > Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтауы

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтауы

Ардақты аналар, аяулы арулар!
Құрметті ханымдар!

Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі — 8 наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Осы мерекенің қарсаңы ер азаматтардың ардақты анасына, қаракөз қарындастарына, сүйікті жарына, аяулы қызына, қадірлі құрбысына ілтипат көрсететін шақ.
Адамзат үшін анадан құдіретті, анадан ардақты, анадан аяулы ештеңе жоқ. Соның ішінде ұлы дала перзенттерінің анаға деген құрметі ерекше.
Туған тілімізді — Ана тілі деп атауының өзінде үлкен мән жатыр. Өйткені, ананың әлдиі жас сәбидің бойына тіліміздің әуені мен әуезін сіңіреді. Осылай өскен жас ұрпақ, есейе келе елдің жоғын жоқтайтын ер-азамат болып жетіледі. Жұмақ — ананың табанының астында екендігін сезінеді. Отанына, отбасына деген сүйіспеншілігі артады. Сондықтан ең жоғары мадағы мен құрметін аналар мен аруларға арнайды.
Әйел-Ана — өмірдің өзегі. Тіршіліктің күретамыры, тазалықтың қайнар көзі.
Халқымыздың тарихында дана, ақылына көркі сай, ержүрек аруларымыз кем болмаған.
Алтын бесік – Ақтөбенің киелі топырағында Сапура Мәтенқызы, Әлия Молдағұлова, Ғазиза Жұбанова, Нұрсұлу Тапалова, Аққағаз Досжанова, Ғазиза Жұбанова, Роза Жаманова, Алтын Ружева сияқты ана-апаларымыз дүниеге келіп, ерлігімен, өнерімен, еңбегімен елге танылды.
Жер бетіндегі жақсылық пен ізгілік атаулының бәрі ананың ақ сүті мен пәк ниетінен тарайды.
Біз аналарын ардақтап, қыздың арын қымбат санайтын елміз. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін тәрбие алғанбыз. Бүкіл әлемге өнеге болатын озық дәстүрі бар халықтың ұрпағымыз.
Сол ұлттық өнегеміз тәуелсіздік жылдары қайта өркендеді. Әлемдік өркениеттен өзінің лайықты орнын тапты. Сондай ұйыған отбасылық үлгіні бүкіл әлем — Ақтөбе топырағынан шыққан жезтаңдай әнші Димаштай баламыздан көрді. Таңданды, әрі тамсанды. Қазақ еліне, қазақи тәрбиеге деген құрметі артты. Ана тілімізге деген қызығушылығы оянды.
Қазақ еліне Әл – Фарабидей ғұламаға, Абайдай хакімге ғұмыр сыйлаған осындай аналарымызға неге құрмет көрсетпеске?
Қазіргі біздің қоғамымызда әйел – тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес. Ол қоғамдық-саяси өмірге белсене араласатын қоғам мүшесі.
«Адамзат — әйелдің алақанында» деген нақыл сөз біздің өміріміздегі әйел қауымының маңызды орнын айқын айшықтайды.
Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихына көз жүгіртсек, әр түрлі салаларда ер-азаматтармен қатар еңбекке белсене араласып, өздерінің біліктілігі мен іскерліктерін көрсеткен қарындастарымыз аз емес.
Бұлардың қатарында ақ халатты абзал жандар – дәрігерлер, ұрпақ тәрбиелеген ұстаздар, ел экономикасын еселеп жүрген кәсіпкерлер, өндірістің өрісін ашып отырған инженерлер де баршылық.
Бүгінде облысымыздағы бірқатар мемлекеттік мекемелердің басшысы болып отырған қарындастарымыз жеткілікті. Облыста кәсіпкерлікпен айналысып жүрген қыз-келіншектер де жеткілікті. Жалпы бизнес ұйымдарының төрттен бірі әйелдер қауымының басқаруында.
Бұл біздің нәзік жанды қыз-келіншектеріміздің әлеуетін көрсетеді. Яғни, жоғарыда ел басына күн туған шақта ер-азаматтармен қоса жауға шабатын ұлы дала қорғаушылары болған дедік.
Бүгін сол аналарымыздың ізін жалғап жүргендер, нарықтың қатаң талаптарына мойымай, ерлермен қатар ел экономикасының алға басуына өзіндік үлестерін қосуда.
Мемлекет тарапынан кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсету шаралары да жылдан жылға артуда.
«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 2019 жылы сегіз жүздей нәзік жандылар грантқа ие болса, өткен жылы мыңнан аса қыз-келіншектеріміз грант алып, өз кәсіптерін ашты.
Бүгінгі таңда еліміздің өркендеуі жолында аянбай қызмет жасап жүрген барлық аналарға, қарындастарға және қыз-келіншектерге өз ризашылығымды білдіремін.

Қымбатты аналар, апа-қарындастар,
қыз-келіншектер!

Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Еліміздің мерейінің үстем болуында Сіздер секілді нәзік жандардың еселі еңбегі мен мол үлесі жатыр. Ендеше, тәуелсіз еліміздің мүддесі жолындағы бірлескен ісіміздің табысты болсын!
Баршаңызға зор денсаулық, жемісті еңбек, көктемнің шуағындай көтеріңкі көңіл күй, береке-бірлік пен шынайы әйел бақытын тілеймін!
Әрқашан жүздеріңізден күлкі, көңілдеріңізден қуаныш сезімі кетпесін!
Баршаңыздың дендеріңізге саулық, үйлеріңізге ырыс пен ынтымақ, бақ пен берекеге толы ұзақ ғұмыр тілеймін!

Мерекелеріңіз құтты болсын!