Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Басты бағыт — университетті интернационалдандыру

Басты бағыт — университетті интернационалдандыру

Жұбанов университетінің Халықаралық ынтымақтастық  орталығы мен құрылымдық бөлімдердің басшылары  оқу орнын интернационалдандыру мәселелерін талқылады.  Кезекті басқосуға  Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша QS аймақтық директоры Сергей Христолюбов қатысты.

Еске салсақ, QS рейтингі университеттердің ең беделді халықаралық рейтингтерінің үштігіне кіреді. Биыл Жұбанов университеті QS World University Rankings әлемдегі ең  беделді үздік жоғары оқу орындарының  рейтингісіне алғаш рет еніп, жаһандық рейтингте 351-ші орынға көтерілді.  Аталған оқу орны  әлемнің үздік 108 университетінің қатарына енген қазақстандық жоғары оқу орындарының бірі және республикадағы  рейтингке қатысқан 108 көпсалалы университеттердің  арасында  23 орынға көтерілді.

Басқарма төрғасы – ректордың міндетін атқарушы, профессор Рахым Бекназаровтың  Жұбанов университеті –Батыс Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі екенін айтып, университеттің стратегиялық даму бағыттарын тілге тиек етті.

Өз кезегінде Жұбанов университетінің Халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры, профессор Гүлжан Шоқым  білім ордасының халықаралық жетістіктеріне жіті тоқталды.

Кездесу барысында QS аймақтық директоры Сергей Христолюбов, қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруда ғылымға баса мән беру қажеттігін айтып, еліміздегі университеттердің әр саладағы жетістіктері мен нәтижелері туралы баяндады. Әртүрлі бағыттар бойынша QS жүргізген рейтингтік бағалау мен сараптамалық мәліметтермен де бөлісті.

QS World University Ranking рейтингінің әдістемесі төрт негізгі көрсеткішке негізделген: академиялық бедел, жұмыс берушілер арасындағы бедел, ғылыми мақалаларға сілтеме және Хирш индексі. Сонымен қатар рейтингке кіретін сапалы көрсеткіштерге: түлектердің сұранысқа ие болуына, дайындығына, бәсекеге қабілеттілігі мен беделіне, ұлттық және әлемдік танымалдылығына, университеттің ғылыми мектептері (іргелі және қолданбалы) мен ғылыми бағыттарға да ерекше назар аударылады.

Өз кезегінде Сергей Христолюбов соңғы 10 жылда QS WUR жаһандық рейтингісінде ұсынылған қазақстандық жоғары оқу орындарының саны 5-тен 10-ға дейін артқанын атап өтті, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемдік институционалдық рейтинг аясындағы ілгерілеуі мен белсенділігінің оң серпініне назар аударды.