Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Батырларға тағзым етті

Батырларға тағзым етті

Жеңіс күні қарсаңында Жұбанов университетінің басшылығы мен студенттері, педагогтары Ұлы Отан соғысының батырларына тағзым етті.

Гүл шоқтарын қою рәсімі Ә.Молдағұлова даңғылының бойындағы Кеңес Одағының батырларына арнап салынған аллеяда өтті.

Басқосуда университет ректорының міндетін атқарушы, профессор Рахым Бекназаров жиналғандарды 9 мамыр — Жеңіс күнімен құттықтады.

— Баршаңызды Ұлы Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мейрам — ерен ерліктің, асқақ рухтың және қаһармандық пен қайсарлықтың, батылдық пен бірліктің символы. Осыған орай, болашақ ұрпағына бақыт сыйлап, майдан даласында ерлік танытқан және тылда қажырлы еңбек еткен ардагерлерімізге бас иіп, тағзым етеміз, —деді.

Сонымен қатар, Рахым Бекназаров елімізге тыныштық, барша халыққа зор денсаулық, мол бақыт, бейбіт өмір тіледі.

Батырлар аллеясындағы Қожабай Жазықовтың стеласында университеттің студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамы соғыста қаза тапқандардың барлығын бір минут үнсіздікпен еске алып, оүл шоқтарын қойды.

Өз кезегінде Жұбанов университетінің доценті Мақпал Жазықова батырдың қызы екендігін мақтан тұтып, балалық шағынан естелік айтып, әкесін еске алды.

Жерлесіміз Қожабай Жазықов 1920 жылы Байғанин ауданының Майтүбек ауылында дүниеге келген. Қарапайым шаруа отбасында тәрбие алған ол Ақтөбе қаласындағы педагогикалық училищені тәмамдайды. Кейін Ақтам ауылындағы бастауыш мектепте мұғалімдік қызмет атқарады.

1942 жылдың қаңтарында майданға шақырылып, қызыл әскер қатарына алынады. Жас командирлер мектебінен өтіп, 206-атқыштар дивизиясында бөлімше командирі болады. Майданға наурыз айында араласады. Кейін 25- дивизияда барлау взводын басқарады. Воронеж қаласынан бастаған соғысты 1944 жылы Будапештте аяқтайды.

1944 жылдың 25 желтоқсанында барлаушылар взводы Венгрияның Сентендр қаласының маңында Дунай өзенінен өтіп барып, жаудың әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасайды. Жаудың 70 жауынгерін тұтқынға алады. Олардың арасында фашистің бір рота командирі мен үш офицері бар болатын. Осындай ерлігі үшін Қожабай Жазықовқа 1945 жылдың 28 сәуірінде Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Сондай-ақ ол Ленин орденімен, екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен және ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, бірнеше медальмен марапатталады.

Соғыстан кейін туған жерге оралып, елдің тұрмысын түзеуге атсалысты. Халыққа білім беру саласында қызмет етеді. Ақтөбе педагогикалық институтын бітіреді. Мұғалім, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарады.

Еске салсақ, Ақтөбе қаласындағы көше мен Байғанин ауданындағы мектепке батырдың есімімен аталып, 2020 жылы Жұбанов университетінде Қожабай Жазықов атындағы кабинет ашылған болатын.