Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ынтымақтастық нығая бермек

Ынтымақтастық нығая бермек

Жұбанов университеті мен «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің арасында ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге  қол қою рәсімі өтті.

Кездесуге Жұбанов  университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Лаура Қарабасова, Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының интеллектуалдық дамыту бөлімінің басшысы Жанна Оразымбетова қатысты.  Мұнда оқу мекемелерінің басшылары жан-жақты пікір алмасып, өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында атқарылатын шаралар жөнінде кеңінен талқыланды.

Екіжақты кездесуде университет ректорының міндетін атқарушы Рахым Бекназаров қонақтарды жылы қарсы алып,   университеттің тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Кездесу барысында сөз сөйлеген  «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы  директорының міндетін атқарушы Айталан Қабден университет басшылығының қабылдауына ризашылығын білдіріп, еліміздің өсіп өркендеуі жолында бірлесіп қызмет жасауға дайын екендіктерін жеткізді.

Екіжақты ынтымақтастық  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің зияткерлік элитасын қалыптастыру, білім беру сапасын қамтамасыз ету саласында тиімді ынтымақтастықты жолға қою, бәсекеге қабілетті жас дарындарды дамыту мен тәрбиелеу, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру бойынша белгілеген басымдықтарын іске асыру мақсатында жасалып отыр.

Өткізілген кездесу нәтижесінде қос тарап басшылары ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге  қол қойды.

Аталмыш оқу мекемелерінің ынтымақтастық стратегиялары екі тарапқа да сапалы және тың өзгерістер енгізетініне  сенім бар.