Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жастар саясаты > Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу ережелері түсіндірілді

Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу ережелері түсіндірілді

Елімізде Президенттік жастар кадр резервіне жаңадан іріктеу жүріп жатырғаны белгілі. Осы жобаны кеңінен түсіндіру мақсатында  Жұбанов университетінің «Мәңгілік ел» конференция залында университеттің жас мамандарымен кездесу өтті. Кездесуге университет ректоры Лаура Қарабасова, «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы» Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Саида Сәдуақасова, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Мадина Сабирова қатысты.

Кіріспе сөз алған оқу ордамыздың басшысы: «Адами капитал кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі. Осы адами капиталды дамыту мақсатында мемлекетімізде көптеген реформалар жүзеге асырылып келеді. Бұл реформалар қарапайым отбасынан шыққан білімді жастарға үлкен мүмкіндіктер ашады», — дей келе, Жұбанов университетінің жас мамандарын жастар резерві қатарынан көретіндігіне сенім артып, оларға университет басшылығы тарапынан қолдау танытатындығын білдірді.

Кездесу барысында Мадина Советовна «Бұл жобаға биыл 50 резервші қабылданатын болады және қызметке мемлекеттік сектор бойынша ғана орналаса алады.  Биылғы ерекшелік үміткердің мемлекеттің тілді білу деңгейі в1-ден төмен болмауы тиіс. Резервте тұру уақыты – 3 жыл. Қазіргі таңда республика бойынша 991 үміткерден өтініштер келіп түсті. 30 қыркүйекке дейін құжаттарды тапсырып болуларыңыз қажет», — деп атап өтті.

Өз кезегінде Саида Әсетқызы жастар резервіне тапсырудың кезең кезеңіне тоқталып өтті.

Мұндай іріктеу алғаш рет 2019 жылы өткізілген болатын. Сол кезде іріктеуден  300 үздік деп танылған жастар өтіп, ел игілігіне қызмет атқаруда. Атап өту керек, олардың ішінде 12 ақтөбелік жастар бар.

Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар бұрынғы қалпында қалған. Яғни Қазақстан Республикасы азаматы, жасы 35-тен аспаған, жоғары білім және еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы керек. Сондай-ақ бүкіл іріктеу процесі Ұлттық  комиссия бекіткен іріктеу тәртібімен нақты регламенттелген бірнеше кезеңнен тұрады.

Кездесу кезінде жас мамандар қонақтарға түсінбеген сұрақтарын қойып, оған толыққанды ақпараттар алды.