Вторник, Октябрь 4, 2022
Басты > Жаңалықтар > Ғылымдағы тұғырлы тұлға

Ғылымдағы тұғырлы тұлға

«Өз жұртына жұмыс қылып,

еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі»

Халел Досмұхамедұлы

 

Ғылым-бағалы құндылық. Оның ішінде математика саласын «ғылымдардың атасы» десек болар. Қазақ ғалымдары арасында математика ғылымының дамуына өзіндік үлесін қосып, айшықты ізін қалаған тұлғаларымыз жетерлік. Қандай істе болсын, білімі мен парасатын, күш-жігері мен ерен еңбегін, зерделі ойын ел игілігіне арнайтын жандар бар. Олар қашан да құрметке лайық.

Сондай жандардың бірі, бар саналы ғұмырын ғылым жолына, шәкірт тәрбиелеу ісіне арнаған, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жайшылық Алмағанбетұлы Сартабанов ғалымдық пен ұстаздықты ұштастыра білген парасатты ұстаз, зерделі ғалым.

Жайшылық Алмағанбетұлының мерейлі 75 жасқа толуына орай ұйымдастырылған «Қолданбалы математика және информатика мәселелері» халықаралық ғылыми конференциясы қарсаңында профессормен жолығып, сұқбаттасқан едік.

 

Құрметті Жайшылық Алмағанбетұлы, мерейлі 75 жасқа толған жасыңыз құтты болсын! Еңбек жолыңыздағы жеткен жетістіктеріңіз, бағындырған белестеріңізден хабарлымыз ғой. Дегенмен солардың ең түйінділеріне тоқталып өтсеңіз?

Өмірден түйгендерім өте көп. Дегенмен солардың ең түйінділерін атап өтсем,  ғылыми жұмысымды ұстаздық қызметіммен үйлестіре жүргізуді меңгердім. Екіншіден, жырақтағы оқу орнында жүріп математикалық теориялық проблемаларынан докторлық диссертация қорғауымды еңбегімнің тағына жетуі деп білемін. Үшіншіден, бүкіл саналы өмірімді осы жоғары оқу орнының, алдымен педагогикалық институттың, сосын университеттің «қара жұмысы»: оқытушылығы, доценті, профессоры, кафедра меңгерушілігі, декандығы, қабылдау комиссияның жауапты хатшысы, ректор кеңесшісі, ғылыми-зерттеу орталық жетекшісі қызметтерін атқардым. Осы жұмыстар барысында онша көп ескерту алмай, қызметтес замандастарым мен шәкірттерімнің азды-көпті құрметіне ие болуым – еңбектегі өмірлік мұратым деп санаймын.

Сонау 1966 жылы негізі қаланған физика-математика факультетінің ардагер ұстазысыз. Факультеттің қалыптасу тарихына қосқан үлесіңіз зор. Әр заманның өз талабы бар, тағы қандай істердің жүзеге асырылуын қалар едіңіз?  

Дүние байлығын және рухани байлықты адам бақыты үшін үйлестіре ұстау – басты мақсат. Әр заманның өз қиындығы бар. Қазіргі қиындық «бірыңғай ақшаға билетіп алмас па екенбіз» деген күдікке жақын. Осыған орай, рухани байлықтың қарқынды, дұрыс дамуын қолға алып жатқанымыз қуантады. Рухани байлық – әр адамның бойындағы қасиетті байлық. Жаһандану заманында бұрынғы бойдағы байлықты төкпей-шашпай дамыта жүзеге асырсақ дұрыс болар еді. Білім саласында жаңа кредиттік ақпараттық технологиялар жүйесіне көшіп жатырмыз. Бұрынғы жүйе бойынша да жаман болған жоқпыз. Жаңа жүйеге өту барысында білім сапасын төмендетпей жүзеге асыруды ерінбей өткізсек деймін. Ғылымның қолданбалылығы арқылы қаржылық пайда табу мәселесін ғылымның фундаменталдығы (іргелілігі) көзін көміп алмай, үйлесімді түрде жүзеге асыруды шешсек керек. Бұл ой жалпы тілек-мақсатқа сәйкес келеді. Дегенмен, біздің факультетіміз деңгейінде де, университетіміз деңгейінде де осы мәселелер жүзеге асырылатын  мақсаттар болып табылады.

Мерейтойыңызға арналған конференцияға келетін әріптестеріңіз арасында шәкірттеріңіз де бар болар. Мақтаныш тұтатын шәкірттеріңіз бар ма?

Теориялық математикадан ғылым докторлары А.Б.Бержанов, К.К.Кенжебаев, М.У.Ахметов өздерін көрсеткен университет түлектері, үлкен ғалымдар. Дәріс алып, нұсқау-кеңесімді қолданып, «аға» деп құрметтеп жүрген шәкірттерім жеткілікті. Көбісі ғылым кандидаттары өзіммен бірге қызметтес, аудандық жерлерде ағарту саласында, ішкі істер, сот жүйелерінде, аудандардың әкімшілік салаларында көрнекті тұлғалар биігіне көтерілгендері де баршылық.

Дәл де нақты ғылым өкілісіз. Өмірлік ұстанымыңыз да солай ма?

Математика – логикалық ой жүйесін қалыптастыратын ғылым. Дәлдікті, бірсөзділікті, замандастардың ісі мен сөзіне қарап, олар туралы пайымдаулар жасауды, дәлелді ойларды бағалауды, істің іргелілігін, болжамдар мен нақты нәрселерді саралай білуді ұнатамын. Математика – қиналған кезімде өзімді қалыпты жағдайға түсіруге жәрдем беретінін өз тәжірибемнен білемін.

Математиканы мамандық етіп таңдаған жастар алдымен бұл салада өзін дамыта алуы үшін неге көңіл аудару керек деп ойлайсыз?

Мәселеге байланысты білім көздерімен, яғни кітаппен танысу керек. Алдымен ғылыммен айналысқысы келетін проблеманы жақсы түсінуге көңіл аударғаны дұрыс.  «Есепті түсінгенің – оны жартылай шешкенің» деген ескіден келе жатқан қағиданы есте ұстау қажет. Сол проблемаға байланысты теориялық мәселелерді анықтап, мәселені шешу үшін кедергі жасап тұрған түйткілдерді толық меңгеру, сосын ол кедергілерден тура асу немесе оны айналып өту мәселелерін ойлауы керек. «Әуф» дегеннен шықпаған есепті ойда ұстап, ойланып, «көкіректе пісіру» шарт. Есепті шын шешкісі келген талапкер егер одан қашпаса, қайта жақсы көріп, жақындай берсе нәтиже әркез болады. Мұндай жағдайға көнбейтін есептердің де көп екені жасырын емес. Есепті шешсең рахатқа бөленесің. Шеше алмасаң, оның қаншалықты қиын екенін біліп, көзіңді жеткізуің – ол да жеңіс. Жастарға айтарым, уақытың бос кетті деп ренжіме, ізденісті, дәлелдеуді сүйіп, көп білуді аңсап отыруың керек. Еңбек ету, табандылық, жалықпай оқу, іздену, ойлану – көп жетістіктерге жеткізері анық.

Сұқбатыңызға рахмет!

 

Сұқбаттасқан: Жадыра АРЕН