Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жастар елшімен кездесті

Жастар елшімен кездесті

Сәрсенбі күні Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Ку Хонг-Сок студент жастармен кездесті.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттерімен кездескен елші Ақтөбеге алғаш келгенін, жастардан көп үміт күтетінін атап өтті.

— Осы облысқа алғаш рет келіп отырмын. Сапарымның мақсаты — осындағы корей қауымдастығының өкілдерімен жүздесу, сондай-ақ екі ел арасындағы өзара достық қарым-қатынастың одан әрі нығаюына үлес қосу. Сіздермен де тегіннен-тегін кездесіп отырғаным жоқ. Қай елдің болсын болашағы, қозғаушы күші жастар болғандықтан, бұл шараға арнайы уақыт таптым.

Менің студенттік кезеңім қызықты өтті. Бар күшімді оқу-ілімге арнадым. Ылғи ізденуден жалықпайтынмын. Бұдан ұтпасам, ұтылған емеспін. Өз тілімнен бөлек, ағылшын, жапон, қытай тілдерін меңгердім. Көп тіл білген адамның дүниетанымы да кең болады, әр ұлттың тиісінше салт-дәстүрін біледі. Сондықтан жігіттер мен қыздарға мүмкіндігінше шетел тілдерін үйренуге кеңес берер едім, — деген Ку Хонг-Сок жастарды елгезек, оқуға құштар болуға шақырды.

Одан соң Оңтүстік Корея мен Корей Халық Демократиялық Республикасының арақатынасы, бір-бірімен бауырмал елдердің ұстанып отырған саясаты, жалпы, корей ұлтының тарихы туралы кеңінен әңгімеледі.

Кездесу барысында жиналғандар өздерін қызықтырған сұрақтарын да қойды.

Шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова және қоғам белсенділері қатысты.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ.