Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Инклюзивті білім беру: ерекше балаларды қолдау

Инклюзивті білім беру: ерекше балаларды қолдау

«Инклюзивті білім беру: нәтижелер, тәжірибелер, мәселелер мен перспективалар». Ақтөбе қаласындағы «Білім» мектеп-гимназиясында осындай тақырыпта ІV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Офлайн және онлайн режимінде ұйымдастырылған басқосуға облыстық білім басқарасмасының, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің, Қ.Жұбановатындағы Ақтөбе өңірлік университетінің және Польша, Армения, Үндістан, Тайван, Ресей мемлекеттерінен өкілдер қатысты. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдардың, жалпы білім беретін мектептердің басшылары, педагогтері, тәрбиешілері, мамандары (логопедтер, дефектологтар, психологтар, әлеуметтік педагогтер) жиналды.

Конференцияның мақсаты — инклюзивті білім беруді дамытудың өзекті мәселелерін талқылау, тәжірибе алмасу.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу құқықтары «Қазақстан Республикасының балалардың құқықтары туралы», «Білім туралы», «Мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзетуге ықпал ету туралы», «Қазақстан Республикасында кемтарларды әлеуметтік қорғау туралы», «Арнайы әлеуметтік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарында, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген.

Инклюзивті білім беру немесе «Білім — баршаға» бағдарламасы —  барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді.

Жиын барысында облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жанар Мұхамбеталина баяндама жасады.

Елімізде инклюзивті білім беру мәселесі «Білім  беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік  бағдарламасында» бастау алып, «Білім  беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік  бағдарламасында» әрі қарай жалғасты.

Бағдарламаның «Оқытудың қауіпсіз және жайлы ортасын қамтамасыз ету» бөлімінде арнайы және инклюзивті білім беру саласында мемлекеттік қызметтер көрсету оңтайландырылады және автоматтандырылады, оның аясында денсаулық сақтаудың және әлеуметтік қорғаудың ақпараттық жүйелері интеграцияланатыны атап көрсетілген. Бұл психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларға (ПМПК)«медициналықтан»«педагогикалық» үлгіге көшуге мүмкіндік береді, — деді Жанар Мұхамбеталина.

Оның айтуынша, ПМПК қызметі балалардың білім алу қажеттіліктерін айқындауға бағытталады. ПМПК мен психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің (ППТК) қызметін күшейту мақсатында оларды орналастыру нормалары пысықталып, психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге құжаттар қабылдау автоматтандырылады, сондай-ақ инклюзивті практикаларды дамыту және педагогтермен тәжірибе алмасу үшін мектептерде ресурстық орталықтар құрылады. ППТК мен ПМПК желісі кеңейтіледі. Мектептер мен колледждер ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар инклюзивті ортада балаларды сүйемелдейтін тиісті мамандармен қамтылатын болады. Сондай-ақ педагогтерге, ата-аналарға, ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға мобильді консультациялық-әдістемелік көмек енгізіледі. Кәсіби стандарт негізінде инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істейтін педагогтер (пән мұғалімдері, педагогтер, педагог-ассистенттер және басқалар) үшін біліктілік талаптарын жаңарту жоспарланған. Үйде білім алатын мүгедек балалардың жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктері ескеріле отырып, оларға компьютерлік техника беріледі.

— Осылайша мемлекетіміз мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау, олардың қоғамға етене араласуына, оларды оңалту, жұмысқа орналастыру және жаңа жұмыс орындарын құру, білім алу, оқыту, қайта мамандандыруда қолдан келгенше жағдай жасауда, — деді Жанар Мұхамбеталина.

Конференция барысында басқа да өзекті мәселелер талқыланып, қатысушылар өзара  пікір алмасты.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

/aqtobegazeti.kz/