Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Пайдалы семинар-тренинг өтті

Пайдалы семинар-тренинг өтті

Жұбанов университетінің бастамасымен 2020 жылы егде жастағы азаматтарды өзін-өзі тану, өмір сапасы мен әлеуметтік белсенділігін арттыру, физикалық және психикалық денсаулығын нығайту мақсатында «Күміс университет» жобасы жүзеге асқан болатын.

Аталмыш жоба аясында «Ғұмырға татырлық қолданбалы білім» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. Екі күнге созылатын семинар барысында қатысушылар арнайы мамандардан кеңес алып, өмірде кездесетін кейбір жағдайларда тез шешім қабылдаудың жолдарын үйренетін болады.

Семинарды Ақтөбе облыстық «Қызыл Ай» қоғамы филиалының директоры Нұрлан Үдербай, «Денсаулық және салауаттылық» орталығының психологы Анна Гниденко, биология кафедрасының аға оқытушысы, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Роза Изимова, дене тәрбиесінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының оқытушысы Нұртас Өтегенов және университет емханасының дәрігерлері Алия Гумарова мен Гүлбахар Алитова сынды білікті мамандар жүргізді.

Бүгінгі тренинг барысында жиналғандар дене жарақаттары кезіндегі жедел жәрдем, дәрігерге дейінгі көмек, үйдегі алғашқы көмекке арналған қобдишаның қолданылуы, сәтсіз жағдайларда көрсетілетін алғашқы шешім туралы мазмұнды ақпараттар алды.