Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Докторант даярлаудағы өзгерістер талқыланды

Докторант даярлаудағы өзгерістер талқыланды

Гуманитарлық бағытта оқитын докторант­тар­ға халықаралық журналдарға мақала шығару талабын жеңілдету ұсынылды. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруге қатысты осы және өзге де маңызды ұсыныс­тар­ды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов саладағы әріптестерімен бірге талқылағанын жеткізді.

«Әріптестермен жиналыста жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бойынша кейбір мәселелерді талқыладық. Жиында докторанттарға Қазақстан тарихы, Қазақ философиясы, Қазақ тілі мен әдебиеті сияқты гуманитарлық бейіндегі бірқатар бағыттың ерекшелігін ескере отырып, қолданыстағы талаптарға (WоS және Scopus тізбесіне кіретін басылымдарда мақалалар жариялау) бірнеше балама нұсқаларды қосу ұсынылды. Балама нұсқаларға тоқталсақ, а) Білім мен ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің (БҒССҚК) тізіміне енгізілген журналдарда 5 мақала және ғылыми конференциялардан 2 материал; б) сенімді баспаларда (Elsevier, Brill, CRC Press, DeGruyter, Edward Elgar Publishing, Springer Nature және басқалары), сондай-ақ US News Best Global Universities Rankings, Academic Ranking of World Universities немесе Times Higher Education World University рейтингінің топ-100 құрамына кіретін университеттерде монография шығару», деді министр А.Аймағамбетов.

Министрдің мәлімдеуінше, былтыр БҒССҚК тізіміне енгізілген ғылыми журналдарға қойылатын талаптар едәуір күшейтілді және тізімнен әлсіз журналдарды алып тастап, ескі тізім толығымен жаңартылды. Сол себепті ведомство басшысы бұл шешімді жұмыстың қисынды жалғасы деп санайтынын жеткізді. Әрине, толыққанды дәйексөз жүйесі бойынша жұмыс созылып кетті, бірақ соған қарамастан оның қорытындысы шығарылады.

«WoS және Scopus тізіміне енгізілген және санкцияға байланысты деректер қорынан жо­йыл­ған ғылыми журналдарда гранттық қаржы­ла­ндыру аясында жарияланған қазақстандық ға­лымдардың мақалаларын, егер бұл мақалалар бұған дейін жариялануға қабылданса, оларды тану мүмкіндігі талқыланды. Бұдан бөлек, док­торантураға түсу кезінде үміткерлерге өзде­рі­нің болашақ диссертациясының ғылыми негіз­де­месін (research proposal) ұсыну ұсынылды. Док­то­ранттардың зерттеу құзыреттілігі бойынша ұсыныс бар. Бұған дейін біз докторанттардың «Академиялық хат», «Ғылыми зерттеу әдістері» пәндерін міндетті түрде оқуын енгіздік. Бұл құзы­реттер кез келген докторантқа ғылыми зерт­теул­ерді өз бетінше орындау үшін қажет. Осы пәндерді меңгеру үшін біліктілік емтиханын өткізу ұсынылады», деді ведомство басшысы.

А.Аймағамбетовтің айтуынша, бір ғылыми жетекшіге 15 докторант, кейін біріншісі қор­ғау­дан өте алмаған жағдайда тағы бесеуін бекі­ту тәжірибесі дұрыс емес. Бүгінде ғылыми жетекшілер көп жағдайда докторанттармен жұмыс істеуге жеткілікті көңіл мен уақыт бөл­мей­ді. Бұл мәселені шешу үшін жүйелі шаралар қажет. Осы ұсыныстарды қосымша сараптама мен талқылаудан өткізгеннен кейін нақты шешім қабылданады.

 

/egemen.kz/