Пятница, Декабрь 2, 2022
Басты > БАҚ біз туралы > Конституциялық реформа — ел дамуының жаңа кезеңі

Конституциялық реформа — ел дамуының жаңа кезеңі

«Ақтөбе Медиа» баспасөз клубында Жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформаның маңызы туралы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Басқосуға  тарих ғылымдарының докторы, профессор, 1995 жылы 30 тамызда өткізілген республикалық референдумды ұйымдастыру жөніндегі Ақтөбе облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы болған Нұртаза Абдоллаев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, «Тандем ТРК» ЖШС бас директоры Тәттігүл Талаева, ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты жалпы заң пәндері кафедрасының доценті, құқық магистрі, полиция подполковнигі Зина Нұрыш, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Нұргүл Өрбісінова қатысты.

Басқосуда алдымен сөз алған медиахолдинг директоры Раукен Отыншин Конституцияның ел дамуындағы рөліне тоқталып, конституциялық реформаның қоғамды демократияландырудың шынайы қадамы екенін тілге тиек етті. 

— Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды іс-шара екені мәлім. Референдум нәтижесінде Конституцияның 33 бабына 56 толықтыру енгізіледі. Бұдан Конституцияның мүлде жаңа сипатқа ие болатынын аңғарамыз. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгереді деген үміттеміз, — деді ол.

Референдум қоғам сенімін күшейтеді

— Халықтың референдумға қатысу белсенділігі өте маңызды. Өйткені Конституцияға енгізілетін өзгерістердің барлығы референдумның нәтижесіне тікелей байланысты. Конституциямыздың тарихына тоқталсақ.

Нұртаза АБДОЛЛАЕВ:

— Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда қабылданды. Бұл заңда мемлекеттік құрылыс, заң басқару нысаны, саяси режим, мемлекеттік билік органдары құрылымы, атқарушы, өкім беруші органдар бекітілген. Екінші Конституция 1937 жылы 26 наурызда Бүкіл қазақ Кеңестерінің Х төтенше съезінде қабылданды. Аталған Конституция 11 бөлім және 124 баптан тұрады. Мұнда азаматтардың негізгі міндеттері мен құқықтары анықталған. Үшінші Конституция 1978 жылы 20 сәуірде қабылданды. Ол кіріспе, 10 бөлім, 19 тарау мен 173 баптан тұрды. Жаңа Ата Заңға сәйкес, үкімет билігі жұмысшы, шаруа, еңбек интеллигенциясының табына жататын халықта болды. Ал үкімет билігі мен басқару жүйесінің үстінен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының коммунистік партиясы бақылады. Төртінші Конституция немесе егемен еліміздің алғашқы Ата Заңы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Бұл заң кіріспеден, 4 бөлімнен, 21 тараудан және 131 баптан тұрды. 1993 жылғы Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынды.

Еліміздің қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды.  Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы 1998 және 2007 жылдары Конституцияға Президенттің өкілеттігін кеңейтетін елеулі өзгерістер енгізілген болатын. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады.

Дүниежүзіндегі 200-ден астам мемлекеттің 192-сінде Конституция бар.

Соңғы жылдары әлемнің біраз мемлекетінде референдум өтті. Мысалы, соңғы екі жылда Батыс елдерінде референдум 149 рет ұйымдастырылды. Ал Таяу Шығыста — 93, Азия мемлекеттерінде — 30, АҚШ-та 49 рет өтті. Жалпы 799 референдум өткен.

Халық тілегі орындалып жатыр

— Конституцияға енгізілетін өзгерістер де, толықтырулар да бір-бірімен тығыз байланысты. Реформа бірнеше үдерістерге құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталып отыр. Нақтырақ айтқанда, суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу, Парламенттің рөлін, мәртебесін арттыру, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру.

Конституциялық реформаның халыққа жақындығы айтылып жүр. Оқырманға ұғынықтырақ болу үшін қолданыстағы Конституция мен жаңа нұсқа туралы тарқатып айтсақ.  Енді елімізде суперпрезиденттік басқару болмайды. Мемлекет басшысының суперпрезиденттік артықшылықтарға ие болуы туралы заңнамаларда қалай көрсетілген?

Нұртаза АБДОЛЛАЕВ: 

— Конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың сұранысына сай әзірленген. Халық мүддесі үшін жүзеге асырылмақ. Жаңа Конституция үш нақты мақсатқа бағытталып отыр. Олар — заңның үстемдігі, демократиялық үдерістерді нығайту және биліктің бөлінісі мен тепе-теңдік тетігін күшейту.

Әлем бойынша президент лауазымына берілетін ерекшелік пен біздің еліміздегі президентке берілетін артықшылықтар арасында біршама айырмашылық бар. Өркениетті елдерде президентке артықшылық берілген. Бірақ өте шектеулі.

Мемлекет басшысы барлық азаматқа тең мүмкіндік берілуінің мызғымас кепілі болуы қажет. Сондықтан Мемлекет басшысы ешбір партияға мүше болмайды. Президенттің жақын туыстарына артықшылық бермейді. Конституцияның 43-бабына 4-тармақ қосылады. Мұнда «Президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға қақысы жоқ» деп көрсетіледі.

Мұның бәрі халық қалауы-тын. Міне, ел-жұрттың тілегі орындалып жатыр.

 Нұргүл ӨРБІСІНОВА:

— Конституциямыздың ІІ тарауында Қазақстан Республикасы Президенттік Республика екендігі көрсетілген. Теориялық тұрғыдан айтсақ, республика екіге — Парламенттік және Президенттік деп бөлінеді. Президенттік республикада халық президентті белгілі бір мерзімге сайлайды. Суперпрезиденттік «атақ» қайдан шықты? Заң жүзінде Президент өзінің билігін барлық жерде жүзеге асырады. Мысалы, 2019 жылға дейінгі қабылданған заңдарды қарасақ, елімізде Парламентсіз-ақ Президент өзі заңдарды шығара беретін еді. «Заң күші бар Жарлықтар» деген құжаттар осыған мысал бола алады. Парламент болса да Президенттің өзі заңдарды қабылдай беруі — суперпрезиденттік басқарудың жарқын үлгісінің бірі.

Елімізде негізі суперпрезиденттік басқарудан парламенті мықты мемлекетке ауысу процесі 2019 жылдан бастау алды. Осы кезден бастап біздің елде парламенттік республикаға алғашқы қадам жасалды. 2019 жылға дейін Үкімет басшысын Президент тағайындады. Ол тікелей Президентке бағынды. 2019 жылдан бастап елімізде Президент Үкімет басшысының кандидатурасын Мәжіліс депутаттарына ұсынады. Яғни Үкімет басшысын өз бетімен бекітпейді. Тағы бір мысал, қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Президент облыс әкімдерін облыстық мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындайды. Ал жаңа өзгеріске сәйкес, Президент облыс әкімі лауазымына кем дегенде екі адамның кандидатурасын ұсынады. Мәслихат депутаттарында таңдау мүмкіндігі болады.

«Заңға Тұңғыш Президенттің келісімімен қол қойылады» деген мазмұндағы бап та болды. Егер бір адам барлық жерге араласа берсе, онда бізге Үкімет не үшін қажет, Параламент не үшін керек? Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың суперпрезиденттік басқарудан Парламенті күшті елге көшеміз деген бастамасын құптаймын.

Парламент мәртебесі артады

— Реформаға сәйкес, Парламенттің рөлі мен мәртебесі күшейтіледі. Осы туралы айтсаңыздар?

Тәттігүл ТАЛАЕВА:

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа туралы бастама көтергенде бір мысал көз алдыма елестеді: орман өртке оранып жатыр. Оны мекендеген жан-жануар, жәндік, тіршілік атаулының бәрі бас сауғалап, жан-жаққа қашуда. Тілсіз жаумен жалғыз өзі алысып, қанатымен су сеуіп жүрген қарлығаш қана. Сонда аң патшасы арыстан: «Сен не істеп жүрсің? Басыңның амандығы артық емес пе? Қане, қаш!» — дейді. Сонда қарлығаш: «Мен қолымнан келгенін жасап жатырмын. Ал сіздер не істеп едіңіздер?» — дейді. Біздің елдегі саяси жағдайда да осы мысалдың үзік үлгісі бар.

Жаңа парадигмаға сәйкес Парламент пен мәлихаттардың рөлі айтарлықтай күшейеді. Сондай-ақ қалың бұқара арасындағы белсенді азаматтарға саяси аренада кеңінен жол ашылды.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында сайлау жүйесін жетілдіру, сайлау үдерісін жаңғырту, партия жүйесін дамыту мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қарастырылған. Соған сәйкес жаңа Конституцияда Мәжілістің депутаттық корпусы аралас негізде құрылады. Яғни парламентарийлердің 70 пайызы пропорционалды, 30 пайызы мажоритарлы тәртіппен сайланады. Партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетіледі. Бұл партиялардың көбірек құрылуына септігін тигізеді. Елімізде партия мүшелерін тіркеу шегі төрт есе, яғни 20 мыңнан 5 мыңға дейін төмендетіліп отыр. Бұл — бәсекелестік ортаны қалыптастыруда үлкен қолдау.

Нұргүл ӨРБІСІНОВА:

—  Парламент пен Сенаттың өкілеттілігінің артуы — ең маңызды өзгерістердің бірі. Депутаттарды халық сайлайтыны белгілі. Бұдан шығатын қорытынды: халықтың пікірі тыңдалып, ел-жұрттың талап-тілегінің орындалатындығы. Халық қалаулылары уәделерін адал атқармаса, халық депутаттарды мандатынан айыра алады.

Өзгерістердің бірі — аудандық мәслихат депутаттарын халық сайлайды.

Бұл жерде бір нәрсені ұмытпауымыз қажет. Әрине, парламент рөлі күшейтіледі, халықтың елді басқаруға қатысуына кеңірек тартылуына мүмкіндік беріледі.

Конституциялық Сот — халық үніне құлақ асатын мемлекет

— Реформа азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге септігін тигізбек. Бұл ретте Конституциялық Сот құрылады. Конститутциялық Сот пен Конституциялық Кеңестің айырмасы неде? Конституциялық Сот халыққа не береді?

 Зина НҰРЫШ:

— Конституциялық түзетулер жобасы ел азаматтардың сұранысына сай әзірленген. Конституциялық соттың басты ерекшелігі — оның қоғамға жақындығында. Сол себепті елімізде азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты құрылады. Бұл бақылаушы органға кез келген азамат жүгіне алады.

Конституциялық кеңес, аты айтып тұрғандай, бар-жоғы кеңес береді. Ал Конституциялық Сот белгілі бір мәселе бойынша істі қарап, нақты шешім шығарады. Оның шешімі орындалуға міндетті.

Жалпы, Конституциялық Сот құру арқылы конституциялық бақылау жасау институты жаңғыртылады.

Конституциялық Сот 11 судьядан тұрады (қазіргі Конституциялық Кеңестің 7 мүшесі бар). Конституциялық Соттың құрамы мынадай тәсілмен жасақталады: 6 судьяны Парламент (Мәжіліс пен Сенаттың әрқайсысы 3 судьядан), 4 судьяны Президент тағайындайды. Конституциялық Соттың төрағасын Сенаттың келісімімен Президент тағайындайды.

Нұргүл ӨРБІСІНОВА:

— Құқық қорғау саласында ең ірі өзгерістердің бірі — Конституциялық Сот құру. Әлем бойынша Конституциялық бақылау органдарының қауымдастығы бар. Оған 118 мемлекет мүше. Қазіргі кезде әлемнің 70-тен астам мемлекетінде Конституциялық Сот бар. 12 мемлекетте Конституциялық Кеңес жұмыс істейді. Қалғандарында бұл қызметті Жоғарғы Сот, жалпы сот пен басқа да органдар атқарады.

Конституциялық соттың басты ерекшелігі, оған азаматтар, заңды тұлғалар және басқа да қоғам өкілдері шағымдана алады. Яғни Конституциялық Соттың есігі әрбір адамға ашық. Бұл өзгерісті «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын мысалы ретінде айтуға болады. Еліміздің кез келген азаматы белгілі бір мәселені шешу кезінде қолданылатын заңның әрі өзге де нормативтік-құқықтық актінің Ата Заңның талаптарына сәйкестігі тұрғысынан күмән келтірсе, онда тікелей Конституциялық Сотқа жүгінуіне мүмкіндігі бар.

Елімізге Конституциялық Кеңес те керек. Парламент депутаттары қабылдаған заң міндетті түрде Конституциялық Кеңестен өтуі тиіс. Себебі Конституциялық Кеңес мүшелері аталған заңда адам құқықтары шектеліп-шектелмегенін қарайды. Ең негізгі құндылық — адам құқығы.

Тәттігүл ТАЛАЕВА:

— Реформаның халыққа жақын екені рас. Бұл ретте заңгерлер Конституциялық Соттың ел-жұрт мүддесі үшін маңыздылығы туралы жан-жақты айтып берді ғой. Осы ретте мен де реформаның қалың бұқара үшін пайдасы туралы тоқталып кетсем. Расында, ел-жұртты жер, жер қойнауындағы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені қатты қуантты. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асыра алады. Қазіргі қолданыстағы Ата Заңымызда мұның бәрі мемлекет меншігі ретінде қарастырылған.

Кеше ғана Алға ауданына бардым. Ауыл дамып жатыр. Көз қуанады. Жол төселген. Әлеуметтік нысандар тұрғызылған.  4-5 шаруа қожалығына бардық. Олардың басшыларының ортақ «бас ауруы» — жер мәселесі. Құнарлы жерлерді кезінде қолы жеткендер иеленіп кетті. Ал қарапайым жұрт құнарлылығы төмен, көлемі аз жерді алуға мәжбүр болды. Жерді беру жеңіл де, оны мемлекетке қайтару қиын.

Тіл мәселесі өзекті

— Халық ресми тілге байланысты өз талап-тілектерін айтып жатыр. Бұл туралы сіздер қандай уәж айтасыздар?

 Нұртаза АБДОЛЛАЕВ:

— Әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, Ұлыбритания, Германия секілді дамыған мемлекеттер ғасырлар бойы ел ретінде қалыптасты. Ал біздің Қазақстан — жас мемлекет. Небары 30 жылда барлық мәселені түбегейлі шешу оңай емес. Қазақ ретінде ана тіліміздің үстемдік алуын қолдаймын. Түзелуді, өзгеріс енгізуді әркім өзінен бастауға тиіс. Сенен біреу бірнәрсені басқа тілде сұраса, сен оған қазақша жауап бер. Міне, әр қазақ осылай істесе, жағдай басқаша болар еді.

Дәл қазір асығыс шешім қабылдайтын уақыт емес.  Бейбіт, баянды өміріміз үшін өзгенің ой-пікірімен санаса да білуіміз қажет. Елдегі қоғамдық пікірді жіті зерттеген жөн.

Нұргүл ӨРБІСІНОВА:

— Біздің елімізде заңдар алдымен орыс тілінде әзірленеді. Содан кейін барып мәтін қазақ тіліне аударылады. Еліміздегі кез келген заңды оқысаңыздар міндетті түрде қате табылады. Заң мәтінін орыс тілінде оқыған түсінікті. Қазақша мәтінді түсіне алмай, қиналамыз. Университеттегі студенттерім: «Заңымыз неге түсініксіз жазылған?» — деп менен сұрап жатады. Неліктен алдымен орысша мәтін жазылады? Өйткені Парламентте отырған қалаулыларымыздың бірсыпырасы орыс тілінде ойлайды. Мәселе осында болып отыр. Сол себепті студенттеріме «ол заман келеді. Сіздің буын таза қазақ тілінде сөйлеп, Парламентке барғанда заңдарымыз алдымен ана тілінде жазылады» деп айтамын.

Егемендік алғанымызға 30 жыл болды. Біздің елімізде 2000 жылдан бастап қазақ балабақшаларының саны күрт артты. Қазақ мектептері көбейе бастады. Яғни жас ұрпақ қазақ тілінде оқи бастады. Сол себепті осы кездегі буын 30 жасқа келгенде ел-жұртымыздың бәрі өз тілімізде сөйлейтін болады.

Зина НҰРЫШ:

— Тіл мәселесі — өткір мәселе. Заңнамаға өзгеріс енгізуге уақыт керек. Қазақ тілінің мәртебесін көтере түсетін болсақ, яғни мемлекеттік органдардың басшыларына, қызметкерлеріне қазақ тілін міндеттейтін болсақ, мемлекеттік органдардағы кіріс-шығыс құжаттарының бәрін ана тілінде жазылуын талап ететін болсақ, шарт, міндет орындалмаған жағдайда оны бұзушы жауапкершілікке тартылатын болса, сонда ғана қоғам болып қазақ тіліне көшеміз.

Өлім жазасы қажет пе?

— Реформадағы өзгерістердің бірі — өлім жазасына тыйым салу. Бұл туралы көзқарастарыңыз қалай?

 Тәттігүл ТАЛАЕВА:

— Өлім жазасын қолдаймын. Дегенмен мәселенің екінші жағы бар. Қазақстан әлемнің дамыған елдерінің қатарына енуі үшін өлім жазасынан бас тартуы тиіс. Сол себепті өлім жазасына тыйым салынғаны дұрыс.

Қылмыскерді өмір бойы бас бостандығынан айырудың өзі жазасын өтеуші үшін үлкен сынақ, тозақпен тең азап, оның өлімді аңсауы әбден мүмкін. Аса ауыр қылмыс жасаушылардың біздің қаражатымыздың есебінен өмір сүруі қатты қынжылтады.

Басқа тақырыптағы әңгіме болса да, қаржыға байланысты болғандықтан айта кеткенді жөн көріп отырмын. Қазір көпшілікте масылдық психология қалыптасқан. 120-150 мыңның жұмысын ұсынсаң, кез келген жұмыссыз барғысы жоқ. Мұндай жалақыны азсынады. Оны алғанша 5 баласының жәрдемақысын алып, үйде жатқанды жөн санайтындар жетерлік.

Нұргүл ӨРБІСІНОВА:

— Өлім жазасын алып тастауға қоғам дайын ба? Адам үшін ең үлкен қорқыныш — өмірмен қош айтысу, ерте ме, кеш пе ажалдың келетінін білу. Сол қорқынышты аса ауыр қылмыс жасаушылар сезінбейтін болса, онда бұл үлкен қасірет.

Әлем елдеріндегі жағдай туралы айтсақ, Скандинавия елдерінде қылмыс өте аз тіркеледі. Қауіпсіз елдер қатарына Германия да енеді.

Зина НҰРЫШ:

— Өмір бойы жазасын өтеушілерге тәулігіне шамамен 8 мың теңгеге тамақ беріледі. Олардың біздің, барлығымыздың есебімізден тамақтануы, әрине, жұрттың наразылығын тудырады. Бұл санаттағы жазасын өтеушілер жұмысқа тартылмайтын болғандықтан, мемлекеттің де бұлай істемеске амалы жоқ.

Елімізде өлім жазасына мораторий де жарияланды. 2021 жылы қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің» өлім жазасынан бас тартуға міндеттейтін екінші факультативті хаттамасын ратификациялау туралы заңға қол қойды. Өлім жазасына кесіліп, адамның кінәсіздігі кейін анықталған жағдайда оны қайта тірілте алмайды ғой. Бұл тұрғыдан алғанда өлім жазасынан бас тарту дұрыс шешім.

Дөңгелек үстелді «АқтөбеМедиа» медиахолдингінің директоры Раукен Отыншин түйіндеді.

— Референдум — өте маңызды жаңа саяси реформа. Мемлекеттік маңызы бар өзгерістердің тағдырын ел азаматтары бірлесіп шешпек. Бұл — әлемдік тәжірибеде қалыптасқан ең демократиялық жол.

Саяси жүйені түбегейлі жаңғыртуға бағытталған референдум — расында  жаңа өзгерістердің бастамасы. Бұл тарихи және саяси оқиғаға үлес қосу — әр қазақстандықтың азаматтық борышы, — деді ол.

 

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

/aqtobegazeti.kz/