Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > 88 мың гранттың көбі өз иесін тапты

88 мың гранттың көбі өз иесін тапты

Биылғы оқу жылына бөлінген 88 мың гранттың көбі өз иесін тапқан. Жалпы грант тағайындау жұмыстары 25 тамызға дейін аяқталуға тиіс. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Ержан Әмірбекұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда оқуға қабылдау процесі жүріп жатыр. Қанша студенттің грантқа қабылданғаны туралы нақты ақпаратты 25 тамызға қарай береміз. Өздеріңіз білесіздер, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен қосымша 88 мыңға жуық грант бөлінді. Оның көбі өз иегерін тапты. Ал әрі қарай осы гранттың қалған бөлігін тағайындау, ақылы бөлімге қабылдау жұмыстары қазір жалғасып жатыр», — деді ол БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында.

Сондай-ақ, ведомство өкілі оқу мен жатақхана бағасы министрдің жіті бақылауында екенін айтып, ата-аналарға қатты қобалжымауға кеңес берді.

«Жалпы ата-аналардың қатты қобалжуына соншалық негіз жоқ. Себебі бұл мәселелердің бәрін Ғылым және жоғары білім министрі жіті қадағалап отыр. Сондықтан министрлік те, жоғары оқу орындары да баға саясатына байланысты, студенттердің тұрмыс-тіршілігіне байланысты бүкіл тапсырмаларды қадағалап отырады», — деді Ержан Әмірбекұлы.

Сондай-ақ, ол кейбір Ұлттық университеттерде оқу ақысы неге қымбаттағанын түсіндірді.