Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Александр ақын

Александр ақын

Zhubanov University Ақтөбе өңірлік университетінде Мәртөк ауданынан 312 жас білім алуда. Оның 306-сы бакалавриатта, 6-ы магистратурада оқиды.
Солардың бірі, жас ақын Александр
Маруаұлы​ – филология факультеті, «Қазақ тілі мен әдебиеті» ББ, 1- курс студенті.
Александр 2004 жылы дүниеге келген. Өлеңдері «Адырна» республикалық әдеби-көпшілік журналында (2020), «Жас Алаш» (2021) газетінде, malim.kz сайтында жарияланған. «Ақберен» VIII республикалық өнер байқауының республикалық кезеңінде «Ақындар мүшәйрасы» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен, республикалық М. Мақатаев оқуының «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды…» номинациясы бойынша бас жүлдемен,​ «Абай әлемі» ІІ республикалық шығармашылық байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталған.
Жас ақынмен жақын танысқан Гүлнара Қараша.

-Александр, таңданыс тудырған сұрағымды алдымен қояйын. Есіміңіз неге славянша?

-Қазақ салт-дәстүрге берік халық. Қандай жағдай да болмасын әдет-ғұрпынан жаңылмай, сақтап келеді. Есімімнің славянша болуы да тегін емес. Себебі маған дейін үйде бала тұрмаған. Құдай тіл-көзден сақтасын деген ниетпен қойғаны деп білемін.

-Белгілі қазақ жазушысы Сәбит Досанов атаңыз ақындық талантыңызға тәнті болып, «Қазақ жырының көгіндегі жаңа жұлдыз» деп бағалап, қуаныпты. Проза алыбымен қандай жағдайда таныстыңыз?

-2021 жылдың маусым айында ауданымызға жазушы, Мемлекеттік сыйлық иегері Сәбит Досанов сапарлап келді. Кітапханада бас қосып, сүбелі сұқбат құрдық. Сол кеште оқыған «Жер- ана» деген өлеңімді ұнатып, оң бағасын берген. Қыркүйек айының бас кезінде республикалық«Жас Алаш» газетіне мен жайлы жылы лебізін білдіріп, жыр жолыма ақ батасын бергені бар. Мүйізі қарағайдай ағалардың періште пейілдері шын қуантып, бойыма қанат бітіреді.

-Өмірдің шат дәуірі студенттік кез қалай өтіп жатыр? Жаңа жырлар туды ма?

-Мектеп бітіруші түлектердің, әсіресе, шығармашылықты жанына серік еткен бозбала, бойжеткендердің алдымен аңсары ауатын қаласы Алматы екені анық. Бірақ маған бұйырмады. Оған аса қатты құлазыған көңіл де болмады. Студенттік өмірімді Құдайберген Жұбанов атындағы киелі білім ордасының табалдырығынан бастадым. Әзірге бәрі ойдағыдай. Жарқын сәттерімнің куәсіндей жұп-жұмыр өлеңдер алдағы уақытта туады деп сенемін.

-Болашақ мамандықты игеру үшін​ таңдау неліктен Zhubanov University жоғары оқу орнына түсті екен. Бұл да қызық.

-Жұбанов университеті беделі биік, сапалы білім беруге​ баса назар аударған жоғары оқу орындарының бірі. Талай тұлғалардың осында оқып, түлеп ұшқаны белгілі. Менің де бұл жерге оқуға түскеніме ешқандай өкінішім жоқ. Әрі жақындарымнан жырақтамай жүруді қаладым.

-Алғашқы сессия сынағы да жақындады. Толқу бар ма?

-Толқу болады. Бірақ дайындық болса, еңсеріп шығатынымыз анық. Барлық студенттердің осы сынақтан сүрінбей өтуіне тілектеспін.

-Жыр-жүрегім толып тұр бүгін шерге,
Қасиетіңе киелі жүгінсем бе?
Тұрғызбасын, ешбіреу тауың түгіл,
Жалғыз түйір тасыңа сүрінсем де.

Бұлағыңа мөп-мөлдір сырым қанған,
Жоталарға жұп-жұмыр жырым қонған.
Табаныма тас батып, шөңге кірсе,
Өтінемін, оны да суырмаңдар!

Дархан дала дертіме азық болып,
Ақ қағазға қайғымды жазып беріп,
Майда, жұмсақ құмыңа құласам ғой,
Құлазыған сәттерден қажып келіп.

Келгендей-ақ көсілер кез ыңғайлы,
Бой түзелді, өзіңде сөз ұлғайды.
Құдіреті тілімнің жетер ме екен,
Қалам алып толғауға өзің жайлы.

Естеліктер сенде өткен есімдегі,
Махаббатты маздаған өшірмеді.
Алаңдаймын, дем жетпей қала ма деп,
Алып таулар қозғалса төсіндегі.

Талай адам жаныңды табалады,
Қадіріңді ұқпай жүр, неге бәрі?
Тазалықты сендегі сезу үшін,
Көңілімді кірлетпей келем әлі.

Абырой ғой тасыңды арқаласақ,
Аялдай тұр, аялда, тарқама сәт.
Қиыр кезіп кетемін содан кейін,
Бір уыс топырағыңды қалтама сап.

Аспаныңдай сол кезде өр боламын,
Күннің өзі береді жанға жалын.
Білемісің, туған жер, жан-жарама
Жалғыз ғана жусаның ем боларын?!

Толқындары теңіздің қуатты екен
Өмірімді өзің ғой шуақты еткен.
Соңғы демім қалғанша сүйіп өтем,
Жүрегіме орнаған жұмақ мекен.

Дауа таппай тірліктен сабылысқан,
Асау сезім өзіңе алып ұшқан.
Ең ұлы өлеңдерді тудырады,
Ең ұлы саған деген сағыныштар.

Туған жерге деген ыстық сезімге тұнған жыр.
Сағынып жүрсіз бе? Мәртөктің қай жері?

— Әр ақынның қаламынан туатын алғашқы мөлдір жыры туған жеріне арналады деп білемін. Алыстап кеткен күндерде кеудемдегі алапат сағыныштың аласұратыны рас. Оны тек өлеңмен ғана тарқата аласың.​ Ақтөбеден 70 шақырым жердегі Мәртөк ауданында дүниеге келдім. Негізгі атауы «Мортық». Басқа ұлт өкілдерінің көп болғандығынан «Мәртөк»​ деп аталып кетті. Бұл өлке даңқты жазушы Ә. Нұршайықовтың «Қан мен тер»​ романында «Мортық станциясы»​ деп кездеседі. Қай қиырда жүрсем де Мәртөгімді сағынатыным анық. Балалығымның бал дәурені өткен туған жерім мәңгі жүрегімде.

-Жыр оқитын жастар аз. Әлде қате пікір ме?. Ал жас ақынға замандастарының қолдауы маңызды шығар..

-Көп оқырманнан осындай пікірді естіп жатамын. Менің ойымша қазіргі жастардың өлеңге деген көзқарасы өзгерген. Олардың басқа сарында қабылдайтыны қуантады. Заманға ілесіп өмір сүруіміз қажет. Сол себепті өлеңді оқитын, өлеңді басқа деңгейге көтеретін жастар бой көрсетіп келе жатыр. Тек қолдау керек. Жас ақынға әділ бағаны замандасы береді дейді. Жөн сөз. Бір уақытта өмір сүріп, бір заманда дамып жатқан жастар бір-бірінің кемшілігін, артықшылығын көреді. Сол айтылған сын-пікірлерді ескерсек, келешекте парасатты тұлғаға айналамыз деп сенемін.

-Ақындық талант — тағдыр сыйы. Әркімде жоқ осы сыйға лайықты болу ақынға сын. Жарқын болашақ тілеймін, Александр ақын!
Мамандығыңызды жақсы игеріңіз! Үлкен әдеби ортаның көркемі болыңыз!

Zhubanov University облыстық газеті, №11(479)