Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Жастарға зор мүмкіндік

Жастарға зор мүмкіндік

Қазір ел тұрғындарын еңбекпен қамтуға арналған бірнеше мем­ле­кеттік жоба іске асырылып жатыр. Бұл – жастардың жұмыс табуына зор мүмкіндік. Сонымен қатар жас кәсіпкерлерге жеңілдетілген пайызбен шағын несие беріледі.

Келесі жылдан бастап жастар 2,5 пайыздық мөлшерлемемен не­сие ала алады. Қазір Үкімет Мем­­лекет басшысының тапсыр­масы­на сәйкес жастардың кәсіп­кер­лік ынтасын көтеру және қол­дау мақсатында шағын несие беру әдістерін қарастырып жатыр.

– 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жастарға шағын несиелер беріледі. Оның пайыздық мөлшері 2,5%-ды құрайды. Қазіргі кезде ережелер жобасы жасалып, «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Басты шарты – кепілдік болуға тиіс. Ол міндетті түрде үй болуы тиіс емес, бағалануы тең басқа да мүлік болуы мүмкін. Несие мөлшері 5 млн теңгеге дейін. Берілу мерзімі 5 жылға дейін. Егер қарыз ауыл шаруашылығын жүргізу мақсатында немесе ірі қара мал асырау үшін алынса, онда 7 жылға дейін беріледі. Несие алған жастарға 1,5 жылға «кани­кул кезеңі» ұсыны­лады, яғни, аталған уақытта олар ай са­йынғы жарна төлеуден босаты­лады, – деді Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министр­­лігі Халықты жұмыспен қамту де­партаментінің директоры Асқар Ниязов Орталық коммуника­циялар қызметінде өткен брифингте.

Микрокредит жастардың кәсіпкерлік бастамаларын дамы­туға арналған. Үкімет келер жылы оған 5,8 мың жас қол жеткізеді деп жоспарлап отыр.

– Мемлекет жастарды жұ­мыс­пен қамту мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Атап айт­сақ, жыл сайын «Жастар прак­тикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Жеңілдікпен кредиттеу» және «Дипломмен – ауылға!» бағдарламалары сияқты жобаларды іске асыру шеңберінде республика бойынша 100 мыңға жуық жас еңбекпен қамтылады. Халықты еңбекпен қамтудың тағы бір құралы – нарық сұраны­сына қарай азаматтарды қысқа ме­рзімде оқыту. Аталған жоба­ның аясында азаматтар жаңа ма­мандық меңгеріп, оқу аяқтал­ғаннан кейін жұмысқа орналаса алады. Жыл басынан бері 35,2 мың адам оқытылды, – деді Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау вице-министрі Олжас Ордабаев.

Жалпы, елде субсидияланатын жұмыс орындарымен қам­тыл­ған 161 мыңға жуық аза­мат­тың 36 пайызын жастар құрай­ды. Оларға жалақы мемле­кет тарапынан ішінара немесе толық­тай төленеді. Егер жұмыс беру­шінің белгіленген талаптары­на сай келетін болса, жастар кәсіп­орындарда жұмысқа орналаса алады. Ол үшін Еңбек биржасы арқылы қажет орындарға өтініш беру керек.

– Қазір субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылған 161 мыңға жуық азаматтың 36%-ын жастар құрап отыр. Мұндай жұмыс орындарының негізгі мақсаты – жастардың нақты машық­тары мен дағдыларын иге­ріп, одан әрі тұрақты жұмыс­қа орналастыру. Қазіргі күні жас­тарды жұмыспен қамту шара­ларының бірнеше бағыты бойын­ша жүзеге асырылып келеді. Олардың ішінде «Жастар прак­тикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім­шар­ты», қоғамдық жұмыс сияқты жоба­­лар көзделген. Бұл жобалар жасы 29-дан аспаған ЖОО тү­лектері немесе жұмыс тәжі­ри­бесі жоқ NEET санатын­да­ғы жастарды жұмысқа орна­лас­тыруға бағытталған, – деді вице-министр.

 

/egemen.kz/