Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жаңалықтар > Академиялық адалдық лигасының жалпы жиналысы өтті

Академиялық адалдық лигасының жалпы жиналысы өтті

Жұбанов университеті 2022 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстан Республикасы Академиялық адалдық ұйымының мүшесі болып табылады. Ұйымның мақсаты – жоғары білім беру жүйесінің сапасын арттыру, плагиатқа жол бермеу және сыбайлас жемқорлықпен күресті нығайту.

Қазіргі уақытта лига құрамына Қазақстан Республикасының 16 жетекші жоғары оқу орны кіреді.
Жақында Астана қаласында М.С.Нәрікбаев атындағы ҚАЗГЮУ Университетінде Академиялық адалдық лигасының жалпы жиналысы өтті. Форумда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, Академиялық адалдық лигасының жобалық кеңсесін және AIL REC құру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, Академиялық адалдық мәдениетін дамыту тетіктері және алқалылық арқылы сапаны қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, еліміздің 16 жоғары оқу орнының білім алушылары мен оқытушыларының қанағаттануы бойынша өткізілген сауалнамалар мен сессиялардың нәтижелерімен таныстыратын Лиганың көрнекі — талдамалық дашбордтары таныстырылды.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 22 сәуірі мен 6 мамыры аралығында университетте Академиялық адалдық Лигасы білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамы арасында сауалнама жүргізді. Оның нәтижесі бойынша білім алушылар мен профессор-оқытушылар жоғары оқу орнында көрсетілетін қызметтерге оң бағасын берді.

Жиынға Жұбанов университетінен академиялық мәселелер жөніндегі проректор Людмила Мясникова қатысты.