Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қарғалы тұнық табиғатты, тыныштық мекені

Қарғалы тұнық табиғатты, тыныштық мекені

Zhubanov University Ақтөбе өңірлік университетінде Қарғалы ауданынан​ 136 студент бакалавриатта оқып жатыр.
Жанетта Қадыр «Музыкалық білім» бағдарламасының 3 курс студенті. Студенттік «Ақжелең» ұлт-аспаптар оркестрінің баянисі.​ ​ Туған жерін, туған үйін, білім алып жүрген университетін мақтаныш тұтады. Ұстанымы берік, ісі тыңғылықты, сезімтал жаспен әңгімесі жарасқан Гүлнара Дауылбайқызы.

Жанетта, Жаңа жыл келді. Қайда, қалай қарсы алуды ұнатасыз?

-Келіп жеткен жаңа жыл мейрамымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Жалпы жаңа жылды мен алғыс пен шүкіршілік мейрамындай қабылдап келемін. Бала күнімнен жаңа жылдық кешкі асты отбасымызбен бірге дайындап, көңілді отырып қарсы алуды дәстүрге айналдырғанбыз. Отбасылық мейрам ретінде атап өтеміз.

Қарғалы ауданынан келіп, оқып жатыр екенсіз. Қарғалыны облыс аймағындағы табиғаты ең сұлу жер дейді. Баяндап берсеңіз.

-Әр адамға өзі туып өскен жері жұмақтай көрінеді ғой.​ Қарғалы мен үшін тыныштық мекені. Таза балғын бұлағы мен таулары, қою жасыл ормандары Қарғалы ауданына алғаш келген бір де бір адамның назарын тыс қалдырмайды. Сонымен қатар осы соңғы бес жылдықта танымал болған “Қасқыр сарқырамасы» туралы айтпай кетуге болмайды. Сарқырама Ақтөбе қаласынан 120 км жерде орналасқан. Қазіргі кезде Ақтөбе облысында туризм саласының дамуына оңынан әсер етуде. «Қасқыр сарқырамасы»​ көктем айларында ерекше демалу аймағына айналады. Ауасы кең, таза, бұл жерде ауа-райы көбіне жаңбырлы болып келеді. Қоңыр желі жанға​ рахат сыйлайды.

Оркестрде жұмыс істеу қиын ба? Студенттік ұлт-аспаптар оркестрінің мүшесі екенсіз.

-Университет жанынан құрылған “Ақжелең” студенттік ұлт-аспаптар оркестрінің 1 курстан бері құрамындамын. Баян аспабында ойнаймын. Аптасына екі рет жиналып, репетиция жасаймыз. Оркестр репертуарында​ көптеген танымал күйлер бар. Маған оркестрде жұмыс істеу қиындық тудырмайды. Керісінше тұлға ретінде ашылуыма мейлінше ықпал етті. Университетке түскенде алғаш болып группаластарымнан бөлек танысқан адамдар осы оркестр ұжымы болатын. Ұжымда әртүрлі факультет студенттері болғандықтан университетімізді жан-жақты тануға мүмкіндік береді. Оркестр жетекшісі, Райымбергенов Әбдрашид ағай әр репетиция кезінде тәрбиелік мәні зор әңгімелер айтады, біздің адами-рухани жетілуімізге, дамуымызға септігі мол. Оркестрде жүріп студенттік шағым жарқын өтіп жатыр деп айта аламын.
Түрлі концерттерде өнер көрсету, іс-шараларға қатысу, өзімізге деген сенімімізді ұлғайтып, бойымызды еркін ұстауға, сахнадан қорықпай өнер көрсетуге үйретті. Әрқайсымыз әр түрлі болсақ та, өмірге көзқарасымыз, таңдаған мамандығымыз,​ бізді біріктіретін күш — музыка, оркестрдегі дайындық уақыты. Оркестрге​ «Аспабымда жетік ойнай алмаймын”,- деп келген студенттің өзі өзгелерді көріп, шабыттанып, талпынып, шығармашылық табыстарға жетіп жатыр. “Ақжелең” студенттік ұлт-аспаптар оркестрі менің студенттік шағымның ең ұмытылмас кезеңі, тіпті негізгі кезеңі деп айтар едім.

Сізді түрлі шығармашылық конкурстардың жеңімпазы деді. Жеке де өнер көрсетесіз бе?

-Иә, түрлі шығармашылық конкурстарда баян аспабында жеке өнер көрсетіп қатысқанмын. Соның ішінде есімде қалғандары “Ақбөбек-3” республикалық шығармашылық байқауы, “Кең дала”, “Жаңа толқын” республикалық байқаулары, “Современная методика и педагогика баянистов и аккордеонистов” халықаралық байқауы. 1 курста оқып жүргенімде Алиева Арайлым Қуандыққызының жетекшілігімен “Жасstar” республикалық музыкалық өнер байқауында өнер көрсеткенмін.

Болашақ мамандығыңыз музыка пәні мұғалімі.​ Бекер таңдамаған боларсыз?

— Мен оқушы кезімнен музыкамен айналысқанмын. Қарғалы аудандық балалар өнер мектебін 5 жылдық баян аспабы бойынша тәмамдадым. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында баян аспабы бойынша 2 апталық шеберлік-класынан өттім. Музыкамен айналысып келе жатқаныма биыл 11 жыл болады.
Өмірде адамның жүрегі қалаған таңдауы болса, тек соның артынан жүруі хақ екен. Мен бала күнімнен айналысып келе жатқан өнерді өмірлік серігім болады деп ойламаппын.
Музыка мектебінде оқып жүргенімде​ ұстазым болған Заглядов Николай Феодорович​ менің музыкаға деген құштарлығымды еселеді. Мүлдем бөлек әлем екенін ұқтырды. Орта білім беретін мектепте​ сабақтан озат болдым. Ондай оқушылардан ата-аналары, ұстаздары көп нәрсе күтеді. 11- класта оқып жүргенімде музыкаға қатысты мамандыққа түссем екен деп көп армандайтынмын. Іштей соған дайындалып та жүрдім. Бірақ мамандық таңдауда соңғы шешімнің кезі келген кезде медицина саласына баруға бел будым.​ Осылайша, 2019 жылы М.Оспанов атындағы Ақтөбе медицина университетіне грантқа оқуға түстім. Мүмкін бұл тағдырдың​ бұйыртқаны шығар деп қабылдап, 6 ай оқыдым. Бірақ, жүрек қаламады. Ол оқуды тастаймын дегенде көп адам мені қолдамады.​ ​ Бірақ мен өмірімдегі қадамдарым өз таңдауым бойынша болғаны дұрыс деп ойладым. Бір жыл үзіліс жасап, дайындалып, осы өңірлік университетке, «Музыкалық білім» бағдарламасы бойынша грантқа оқуға түстім. Қазір 3 курс студентімін. Мен өз таңдауыма еш өкінбеймін. Болашақта қандай жағдай болмасын, музыкамен айналыссам да, мүмкін басқа салаға кетіп қалсам да, мен бұл шешіміме еш өкінбейтін боламын. Себебі, адам бір күн өмір сүрсе де, өз жүрек таңдауымен құрылған өмірін сүруі керек. Бұл — менің ұстанымым!

Келер жылға қандай тілек айттыңыз?

-Келер жылы барша жанның отбасында амандық пен бақыт болғанын, бастайын деп жүрген істеріне береке бітіп, табыстары еселене түскенін, армандарының орындалғанын тіледім.
Адамның өмірі жақсы болса, жүрегі де ізгі болады.​

Zhubanov University газеті, №12(480), 2022 ж.