Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > ҚСЗИ аймақтармен ынтымақтастықты кеңейтеді

ҚСЗИ аймақтармен ынтымақтастықты кеңейтеді

Бұл туралы  Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Бүгін біз үшін өте қуанышты күн. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Ақтөбе облысының өкілін таныстыруда. Институт өкілі сонымен қатар Жұбанов университетінің қызметкері болады. Сол үшін Жұбанов университетінің ректоры Лаура Қарабасоваға алғыс айтамын. ҚСЗИ бірінші рет университетпен бірлескен жобаны жүзеге асыруда.
Қазіргі таңда аймақтарды зерттеу маңызды. Сапалы талдау дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Батыс Қазақстанда өзекті мәселелер бар. Олардың шешу жолдарын табу керек. Дұрыс идеялар халық арасында туады. Халықтың жағдайын білетін сарапшылар керек. Заманауи зерттеулерді кабинетте емес, аймақтарда жүргізу керек, — деді ол.

ҚСЗИ өңірлерде әлеуметтік көңіл-күйді бақылау үшін үнемі мониторинг жүргізіп отырады.

Біз шиеленіс нүктелерінің қай жерде пайда болатынын көріп, проблемалардың алдын алу бойынша талдау жасап, туындаған мәселелерді шешу үшін өз ұсыныстарымызды береміз. Қызметкерлеріміз зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін түрлі аймақтарға барып тұрады. Әлеуметтанулық экспедициялардың қорытындысы бойынша облыстардың жағдайы туралы есептер мен жазбалар дайындайды. Бұл жұмыстың тиімді екенін көріп, әдістемемізді республикалық деңгейде кеңейтуді жөн көрдік. Бұл ҚСЗИ-ға «ұдайы дайындықта» болуға және ел басшылығына жергілікті деңгейдегі мәселелердің шешімдерін уақтылы ұсынуға мүмкіндік береді.

Мұндай зерттеулерді жүргізу үшін өңірлерде ҚСЗИ өкілдері болуы қажет. Жергілікті сарапшы жағдай туралы хабардар және мемлекеттік органдардың іс-шараларына тікелей қатыса алады, — деді Еркін Тұқымов.

Жағдайға қанық сарапшының талдауы Батыс Қазақстанда болып жатқан үдерістердің егжей-тегжейлі сипатын алуға мүмкіндік береді.

Жұбанов университеті – өзіндік тарихы, кадрлық ресурстары және ғылыми базасы бар Қазақстандағы ең көне жоғары оқу орындарының бірі. Биыл ҚСЗИ өзінің 30 жылдығын атап өтеді. Мерейтой қарсаңында ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп жатқанымыздың символдық мәні бар. ҚСЗИ Орталық Азиядағы ең үздік талдау орталығы (think-tank). Өзара зерттеулік әлеуетімізді біріктіре отырып, талдаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ете аламыз деп сенемін.

Жұбанов университетімен бірлескен жоба – өте жауапты қадам. Талдамалық материалдардың сапасы біздің Ақтөбедегі өкілімізбен жұмысты қалай жүргізетінімізге байланысты болады. Сапалы сараптама арқылы өңірдегі жағдайды жақсартуға нақты мүмкіндігіміз бар деп айтудан қорықпаймын. Уақытында жүзеге асырылған дұрыс идеялар белгілі бір мәселені шешу үшін бюджетті көбейтуден гөрі әлдеқайда маңызды ықпал етуі мүмкін.

Алда үлкен жоспарлар мен ауқымды жұмыс күтіп тұр. Ынтымақтастығымыз жемісті болатынына сенімдімін. Ақтөбе қаласындағы өкіліміздің жұмысына табыс тілеймін, — деп айтты ол.

//baq.kz/