Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Ақтөберентген» зауыты университетке өтеусіз көмек көрсетті

«Ақтөберентген» зауыты университетке өтеусіз көмек көрсетті

Жақында Ақтөбе облысында құрылған медициналық-фармацевтикалық кластер құрамында Жұбанов университетімен қатар «Ақтөберентген» зауыты да бар.

Осыған орай Жұбанов университеті мен зауыт өкілдері өзара меморандумға қол қойған болатын. Ынтымақтастықтың жол картасы аясында «Ақтөберентген» оқу орнына өтеусіз көмек көрсетті.

Шамамен 6 миллион теңге көлеміндегі жаңа жабдықтар, яғни қозғалтқыштар, сорғылар, қуат көздері және тағы басқа материалдар сыйға берілді.

— Бұл шығын материалдары мен компоненттері «Информатика және ақпараттық технологиялар» кафедрасында оқу үдерісіне қолдану үшін қажет. Онда біз болашақ IT-мамандарды дайындаймыз. Техникалық факультетінің білім алушылары үшін де осы материалдарды қолдануға болады. Жол картасы аясында біздің студенттер «Ақтөберентгенде» өндірістік тәжірибеден өтеді. Келесі аптадан бастап мұнда магистранттар ғылыми тағылымдамадан өте бастайды,-дейді Жұбанов университетінің физика-математика факультетінің деканы Асқар Аймұқатов.

Зауыт өкілдерінің айтуынша, Жұбанов университетінің түлектері техникалық кадрлардың тапшылығын өтеп келеді. Тәжірибеден кейін кәсіпорын жас және перспективалы мамандарды жұмысқа қабылдауға әзір.

— Жұбанов университетінің түлектері өздерін әркез жақсы маман ретінде көрсете біледі. Өндірістік тәжірибе барысында қабілетін көрсете білген студенттерді біз жұмысқа шақырамыз. Зауытта Жұбанов университетінің көптеген түлектері қызметін логист болып бастап, басшылық лауазымдарға дейін өсті. Бізге әрқашан техник, конструктор мамандары жетіспей жатады. Ал бүгінде отандық жоғары оқу орындары жұмысқа бірден қабылданатын мықты мамандар дайындауда, — дейді «Ақтөберентген» зауытының кадрлар бөлімінің бастығы Зәуреш Бостанова.
Университет пен зауыт ынтымақтастықты одан әрі дамытатын болады. Алдағы уақытта бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеу жоспарда бар.