Пятница, Май 3, 2024
Басты > Білім > Оқушылар болашақтың жобаларын таныстырды

Оқушылар болашақтың жобаларын таныстырды

Бүгін Жұбанов университетінде100-ге жуық талантты оқушылар бас қосты. Олардың арасында Назарбаев Зияткерлік мектебінің, қаланың жалпы орта мектептерінің, сонымен қатар Мәртөк, Хромтау, Алға және Темір аудандарынан келген оқушылар болды.

Қатысушылар «Ғылым айы» аясында ұйымдастырылған «Өңірді дамыту драйверлері» ғылыми және кәсіпкерлік байқауында өздерінің ғылыми жобаларын қорғады.

Байқау бес бағытта, атап айтсақ, өнеркәсіптік қалдықтарды өңдеу және аймақтың экологиясы, өңірдегі цифрландыру және IT дамыту мәселелері, өңірдегі жаратылыстану ғылымдарының дамуы, өңір экономикасы, өңірдегі тіл, тарих және география мәселелері секциялары бойынша өткізілді.

Оқушылар Ақтөбеде серобетон негізінде инновациялық автожолдарды зерттеу, Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығын дамыту жолдары, диагностикаға арналған мобильді қосымшалар, ақтөбеліктердің психологиялық жағдайы мен денсаулығын жақсарту, автомобильдерге арналған пассивті қауіпсіздік жүйелері, жусанды медициналық мақсатта пайдалану секілді маңызды тақырыптарда өте қызықты жобаларды таныстырды. Сонымен қатар жас ізденушілер Ақтөбеде туризмді дамыту, туған өлкенің тарихы, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату, пластмасса мен құм қоспасына негізделген құрылыс материалдарының технологиясын әзірлеу мәселелеріне талдау жасады.

Үздік жобалардың авторлары 1, 2, 3 дәрежелі дипломдармен және конкурсқа қатысушылар грамоталармен марапатталды.