Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет және өндіріс: ғылымды инновацияландыруға назар аударылады

Университет және өндіріс: ғылымды инновацияландыруға назар аударылады

Бүгін Жұбанов университетінің басшылығы «Kazahkoil Aktobe» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесуде ынтымақтастық аясында алдағы уақытта бірлесе атқаратын жұмыстар мен серіктестікті одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың ақпан айында Жұбанов университеті Ақтөбе облысындағы өндіріс мекемелерінің басшыларымен өңірдегі ғылымды дамыту бойынша меморандумға қол қойған болатын. Солардың қатарында «Qazaq Oil» компаниясы да бар.

Университет ректоры Лаура Қарабасова компания басшысына университет тарихын қысқаша таныстырып өтіп, Жұбанов университеті Батыс өңірін кадрмен қамтамасыз ететін жетекші жоғары оқу екенін атап өтті. Ректор университет базасында ашылатын шотландиялық Хериот-Уатт университеті филиалында өңірдің сұранысына сай кадрлар даярланатынына тоқталып, ғылымды инновацияландыруда өндіріс пен университет байланысын жандандырудың маңыздылығын атады.

Өз кезегінде «Kazahkoil Aktobe» компаниясының бас директоры Чжао Цзичэнь университетпен ынтымақтастықтың тиімді тұстарына тоқталды.
— Жоғары оқу орындарымен компаниялар арасында тығыз қарым-қатынас жолға қойылу қажет деп ойлаймын. Бізге тек мұнайгаз саласындағы ғана емес, ІТ саласы, экология саласынан да білікті кадрлар керек. Сондықтан сіздің университетпен ынтымақтастықтың біздің компанияға тигізер пайдасы көп болмақ, — деді компанияның бас директоры.

Басқосуда тараптар компанияның зертханаларында университет ғалымдарының, магистранттар мен докторанттардың қолданбалы зерттеулер жүргізуіне мүмкіндік туғызу, ғылымды дамыту үшін қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, компанияның экологиялық мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу, сондай-ақ студенттерге әлеуметтік қолдау таныту тағы да басқа мәселелер бойынша алдағы уақытта бірлесе атқаратын жұмыстарды талқылады.