Четверг, Май 2, 2024
Басты > Білім > Университетте болашақ физиктерге арналған заманауи зертханалар қолдануға берілді

Университетте болашақ физиктерге арналған заманауи зертханалар қолдануға берілді

Ақтөбе өңіріндегі «Физика» пәнінің мұғалімдерін дайындаудың сапасын жақсарту мақсатында Жұбанов университетінің физика-математика факультеті базасында  «Физиканы оқыту әдістемесі» және «Молекулярлық физика» зертханалық кабинеттері заманауи құрылғылармен жабдықталды.

Бүгін университет басшылығы кабинеттерді аралап, заманауи құрылғылардың жұмысымен танысты.

Университет ректоры Лаура Қарабасова аталған зертханаларда тек білім алушылармен ғана емес, «Физика» пәнінің мұғалімдерімен де тығыз байланыста жұмыс жасауды жолға қоюды тапсырды.

Физика-математика факультетінің деканы Асқар Аймұқатов материалдық-техникалық базаны жаңарту болашақ физиктерден басқа да сондай-ақ техникалық, жаратылыстану факультетінің,  Heriot–Watt University білім алушылары үшін жасалып жатқан қолайлы жағдайлар екенін атап өтті.

«Молекулалық физика» кабинетінде болашақ физиктер сұйықтықтардың көлемін, температураға тәуелділігін, дыбыс жылдамдығын, тұрақты қысым кезіндегі ауаның молярлық жылу сыйымдылығын тағы да басқа эксперименттерді қондырғылармен жұмыс жасау барысында тәжірибе жүзінде анықтай алады.

Ал «Физиканы оқыту әдістемесі» зертханасында физикалық шамаларды өлшеу үшін қолданылатын жабдықтар орнатылған.  Мәселен, «Әмбебап есептегіші бар ауадағы дыбыс жылдамдығы» зертханалық қондырғысы дыбыс көзі мен микрофон арасындағы әртүрлі қашықтықтар үшін ауадағы дыбыс жылдамдығын анықтауға арналған. Сондай-ақ, «Жарық интерференциясы, Френель тәжірибесі» зертханалық стенді, «Архимед Заңы» оқу-зертханалық жабдықтарының жиынтығы тағы басқа да зертханалық қондырғылар студенттер мен магистранттар игіліне қолданылатын болады.