Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде Ұстаздар күні жоғары деңгейде аталып өтті

Жұбанов университетінде Ұстаздар күні жоғары деңгейде аталып өтті

Жұбанов университетінде жыл сайын Ұстаздар күнінде ардагер ұстаздарға, профессор-оқытушыларға және қызметкерлерге көрсетілетін сый-құрмет жоғары. Бұл дәстүр биылда жалғасын тапты. Мерекелік кеште университеттің бірқатар оқытушылары мен қызметкерлеріне облыс әкімінің, «AMANAT» партиясы Ақтөбе қалалық ұйымының, ректордың алғыс хаттары, сонымен қатар универсиадада жеңімпаз атанған спортшылардың жаттықтырушыларына марапаттар табысталды.

Жиында университет ректоры Лаура Қарабасова ардагерлерді, әріптестерін төл мерекемен құттықтап, ыстық ықыласын арнады. Оқу орнының басшысы ұстаздар мерекесін «Өзімнің сүйікті шәкірт қалпыма енетін күнім» деп атап өтті. «Осы іс-шара басталғанда аға буынның алдымыздан өткенін, оларға үлкен құрмет-қошемет көрсетілгенін көргенде залда толқымаған адам жоқ шығар. Сіздердің араларыңызда маған сабақ берген ұстаздарым да отыр. Күнделікті бағыт-бағдар беріп жүрген ардагер әріптестеріміз де бар. Осы күнге дейін жеткен жетістіктеріміз ерекше үлгілі ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі деп білемін. Бұл ең алдымен аға буын, ардагер ұстаздарымыздың бізге берген  бағыт-бағдары, батасы мен қолдауы, сосын жастардың тасыған энергиясы, орта буынның жасампаздығы»,-деді ректор.

Сондай-ақ, Лаура Қарабасова соңғы бір жылда университет жеткен жетістіктерге тоқталды: «Біздің университетіміз қазір Батыс Қазақстандағы ғана емес, еліміздегі үздіктердің қатарында. Соңғы мемлекеттік білім беру гранттарының саны бойынша біз алдымызға тек ұлттық университеттерді салып, үздік ондық қатарына қосылдық. Бірнеше ғылыми жобаларды ұтып алдық. 20 оқытушымызға «зерттеуші-оқытушы» категориясында жұмыс жасауға мүмкіндік берілді.  14 оқытушымыз «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелден тағылымдамадан өтуге жолдама алды. Жас талантты 30-ға жуық оқытушымыз Алматының, Астананың ең үздік жоғары оқу орындарына докуторантураға оқуға түсті. Оқу ғимараттарын қайтадан жөндеуден өткізіп, инфрақұрылымды жақсарттық. Осы жылдың ең басты жаңалығы ұлыбританиялық ең көне техникалық Хериот-Уатт университетінің филиалына  300 студент қабылдадық. Бұл кездейсоқ оқиғалардың желісі емес, тамаша үйлесім тапқан командалық жұмыстың нәтижесі».

Сонымен қатар оқу орнының басшысы ұстаздардың әл-ауқатын, әлеуметтік саясатты жақсартуда көптеген жұмыстар атқарылғанын, жаңа оқу жылында орташа еңбекақы 20 пайызға, ең жоғары ғылыми атақ профессорлардың жалақысы 35 пайызға көтерілгенін айтты.

Мерекелік шарада ұстаздарға кәсіподақ ұйымы атынан әдемі шоқ гүлдер таратылды. Өнерлі жастар ұйымдастырған концерттік бағдарлама жиналғандарға тамаша көңіл-күй сыйлады.