Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Азия ойындарында Жұбанов университетінің түлегі алтын медаль жеңіп алды

Азия ойындарында Жұбанов университетінің түлегі алтын медаль жеңіп алды

Ханчжоуда өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында каратэші Нұрқанат Әжіқанов қарсыластарынан басымдық танытып, Қазақстан құрамасының қоржынына сегізінші алтын медалды әкелді. Спортшы финалда иорданиялық Хассан Масарвехті 8:0 есебімен сенімді түрде жеңді.

Айта кетейік, Нұрқанат Әжіқанов Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің түлегі. Ол 2022 жылы кәсіби-шығармашылық факультетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдады.

Жас спортшы университет қабырғасында жүргеннің өзінде көптеген жетістіктерге жетіп, Қазақстанның абыройын әлемдік додаларда қорғады. Каратэден Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, кадеттер, жасөспірімдер және жастар арасындағы Қазақстанның абсолютті чемпионы. Нұрқанат Әжіқанов сонымен қатар Токио Олимпиадасына қатысып, ел намысын қорғаған ең жас спортшылардың бірі.