Пятница, Май 3, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ұлттық валютаға — 30 жыл

Ұлттық валютаға — 30 жыл

Ұлттық валюта – теңгенің 30 жылдығына орай бүгін Жұбанов университетінде дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға өңірдің қаржы секторында жұмыс істейтін мекеме өкілдері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақтөбедегі филиалы және екінші деңгейдегі банк басшылары, университет басшылығы, экономика және құқық факультетінің профессор-оқытушылары мен студенттері қатысты.

Кездесуде валюталық қарым-қатынастарды нығайтудағы теңгенің қызметі, тарихы, қолданыстағы маңызы сынды мәселелер талқыланды. Сонымен қатар мемлекет алдындағы экономикалық міндеттерді жүзеге асыруда қаржы секторының маңызы, қаржылық нарықтың тұрақтылығын сақтау, экономикалық өсімді ынталандыру секілді міндеттер айтылды.

Жұбанов университеті банктермен, оның ішінде, Қазақстанның Ұлттық банкімен тығыз қарым-қатынас орнатып келеді. Жиында сөз алған ҚР Ұлттық банкінің Ақтөбе филиалының директоры Перизат Асимбаева университетпен ынтымақтастық нәтижесінде бірқатар сәтті жобалардың жүзеге асқанын айтты. Сондай-ақ, оқу орнымен сенімді серіктестік әрі қарай жалғасатынына сенім білдірді.

Жиында теңгенің 30 жылдығына арналған шағын футболдан жеңімпаз командалар мен тәуелсіздік құндылықтарына құрметпен қарауға тәрбиелеу мақсатында өткізілген «Теңге – тәуелсіздік келбеті» атты бейнероликтер байқауының жеңімпаздары марапатталды.