Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде болашақ физиктерге арналған жаңа зертханалар жабдықталды

Жұбанов университетінде болашақ физиктерге арналған жаңа зертханалар жабдықталды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің физика-математика факультеті «Физика» кафедрасы тағы да заманауи зертханалармен толықты. Биылғы оқу жылында «Механика», «Атомдық физика» және «Электр және магнетизм» зертханалары жаңа құрылғылармен жабдықталды.

Университет басшылығы кабинеттер мен зертханаларды аралап, заманауи құрылғылардың жұмысымен танысты. Университет ректоры Лаура Қарабасова алдағы уақытта ғылыми бағытқа негізделген зертханаларды жабдықтауды жолға қою қажет екенін атап өтті.

Зертханаларда студенттерге физика пәнінің негіздерін тәжірибе жүзінде игеруге  барлық жағдай жасалған. «Механика» зертханасында студенттер заттардың қозғалысы мен өзара әрекеттесу заңдылықтарымен тәжірибе жасай алады. Мысалы, дыбыс толқындарының әсерінен тербелістерді визуализациялау үшін «Хладни фигуралары» құрылғысын қолданады. «Атомдық физика» мен «Электр және магнетизм» зертханаларында атомдар құрылымын және электромагниттік шамаларды зерттеу бойынша эксперименттер жүргізеді.

Бұл зертханаларда физиктерден бөлек жалпы физика пәнін оқитын білім алушылар мен Heriot–Watt университеті филиалының студенттеріне де дәрістер өтеді.

Айта кетейік, өткен оқу жылында «Астрономия»,  «Ақпараттық-өлшеу техникасы», «Молекулалық физика», «Физиканы оқыту әдістемесі» зертханалары ашылып, пайдалануға берілді.

Физика кафедрасының меңгерушісі Зухра Аймаганбетова кабинеттерді жабдықтау кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатқанын айтты. — Жаңа құралдармен жабдықталған бұл зертханалар студенттер мен магистранттарға физикалық зерттеулер жүргізу үшін қолайлы,-дейді ол.