Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Хериот-Уатт филиалының стратегиялық даму жоспары талқыланды

Хериот-Уатт филиалының стратегиялық даму жоспары талқыланды

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне Хериот-Уатт университетінің жоспар бойынша кезекті профессор-оқытушылар құрамы келді.
Шетелдік қонақтар университет басшылығымен кездесті. Қос тарап ынтымақтастық аясында жүзеге асып жатқан жобаларды талқылаумен қатар, алдағы айда дәріс өткізетін профессорлардың жұмыс сапары және қабылдау комиссиясының жоспарымен бөлісті.
Меймандарға басқарма мүшелері Хериот-Уатт филиалына оқуға түскен білім алушылардың оқу процесі, психологиялық және әлеуметтік қолдау, жатақхана жағдайы және тағы да басқа мәселелер жайында баяндап өтті.
Кездесу барысында Хериот-Уатт университетінің профессоры Тим Бернс Жұбанов университетімен серіктестік сәтті жүзеге асып жатқанын ерекше атап өтті.
«Жұбанов университеті базасында орналасқан Хериот-Уатт филиалының жұмысы, мұндағы оқу процесі, студенттердің білім деңгейі серіктестіктің табысты нәтижесі деп білемін. Алдағы жоспарларымыз ынтымақтастықты нығайтуға және екі елдің аумағында бірлескен зерттеу жобаларына өтінімдер беруге бағытталған. Бұл байланысымызды нығайтып, серіктестігімізді тұрақты етпек», — деді Тим Бернс.
Хериот-Уатт университетінің Малайзиядағы кампусынан келген профессорлар филиал студенттеріне физика және химия пәндері бойынша дәріс өткізеді. Сонымен қатар делегация мүшелері талапкерлерге Хериот-Уатт университетінің ағылшын тілінен емтиханын өткізу – іс-сапардың негізгі мақсаттарының бірі екенін айтты.
Ағылшын тілі бойынша академиялық менеджер Пав Драбко халықаралық әріптестіктің мүмкіндіктерін жоғары бағалады. Бұл білім беру саласындағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге жол ашатынына тоқталды.
Айта кетейік, бүгін, 24 ақпан күні, талапкерлерге арналған Хериот-Уатт университетінің ағылшын тілінен тесті өтуде. Бұл филиалға оқуға түсудің басты талаптарының бірі.