Пятница, Май 3, 2024
Басты > Жаңалықтар > Heriot-Watt университетінің филиалына түсуге арналған ағылшын тілінен екінші емтихан өтті

Heriot-Watt университетінің филиалына түсуге арналған ағылшын тілінен екінші емтихан өтті

Heriot-Watt университетінің Ақтөбедегі филиалына түсуге ниетті талапкерлер ағылшын тілінен тестілеуге қатысты. Емтихан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, британдық университеттің ұйымдастыруымен, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында өтті.
Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан емтиханға 100-ден астам талапкер қатысты. Тестілеуге қатысқан талапкерлер Ақтөбе облысының аудандарымен қатар, еліміздің Қызылорда, Павлодар, Шымкент және Орал өңірлерінен келді.
Емтихан уақытында филиал мамандары талапкерлердің ата-аналарына арнайы инфосессия өткізді. Кездесуде ата-аналар оқуға қабылдау шарттары, оқу процесі және Heriot-Watt филиалы беретін мүмкіндіктері туралы түрлі сұрақтар қойды.
Айта кетейік, бұл биылғы жылы ағылшын тілінен өткен екінші қабылдау емтиханы. Ал ауа-райының қолайсыздығына байланысты тестілеуге қатыса алмаған талапкерлер 27 сәуірде өтетін емтиханға қатыса алады.
Ағылшын тілінен өтетін тестілеу емтиханы ақысыз түрде әр айдың соңғы сенбісінде жүйелі түрде жүргізіледі. Талапкерлер тест нәтижесін 2-3 апта ішінде ала алады. Ал емтиханнан өтпеген жағдайда қайта тапсыруға мүмкіндігі бар.