Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Төтенше жағдайдағы қоғамның ортақ мақсатқа бірігіп, бірлік көрсетуі – маңызды құндылықтарымыздың бірі

Төтенше жағдайдағы қоғамның ортақ мақсатқа бірігіп, бірлік көрсетуі – маңызды құндылықтарымыздың бірі

Төтенше жағдайдағы қоғамның ортақ мақсатқа бірігіп, бірлік көрсетуі – маңызды құндылықтарымыздың бірі. Еліміздің бірқатар өңірлерінде болып жатқан су тасқыны жағдайында біз билік пен қоғамның бірігіп әрекет жасап отырғанын көріп отырмыз. Ұлттық құрылтай мүшелері өңірлерді аралап, жағдайды зерделеп, тиісті шаралар ұсынып отыр.

Біз, Жұбанов университеті, Ақтөбе өңіріндегі аса маңызды әлеуметтік институт ретінде жерлестерімізге барынша қолдау көрсетудеміз.

27 наурыздан бастап, жалпы саны 500-ге жуық Жұбанов еріктілері апаттан қорғау амалдарына, соның ішінде: құм тасу, бөгет жасау және эвакуациялау жұмыстарымен айналысты.
Қазіргі күні судың қаупі бәсеңдеген уақытта университетіміздің еріктілер тобы гуманитарлық орталықтарда қажетті тұрмыстық тауарларды тасу, жеткізу, басқа аймақтардан келген гуманитарлық көмектерді қабылдау, реттеу жұмыстарына қол ұшын тигізіп жүр. Сонымен қатар эвакуация аймағында қызмет етіп жүрген мамандарға университетіміздің қызметкерлері, «азық-түлік өнімдерінің технологиясы» мамандығының студенттері мен оқытушылары және шаруашылық бөлімінің мамандары қосылып жалпы 250-ден астам адамға ыстық тағам таратты. Мұндай істердің маңызды тәрбиелік функциясы бар.
Эвакуациялық пункттерде орналасқан отбасыларға психологиялық қолдау көрсету мақсатында педагогтарымыз бен психологтарымыз психологиялық тренингтер мен практикалық қолдаулар өткізді.

50-ден астам суретшілері мен 12 оқытушысы арт терапия мен балаларға арналған сурет салудан мастер кластар өткізді. Аталмыш жұмыстар әлі де жалғасуда.

Лаура Қарабасова

Ұлттық құрылтай мүшесі, Қ.Жұбанов атындағы АӨУ ректоры

 

//aqtobegazeti.kz/