Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > Жастар саясаты > Поляктар өз тілін өте қатты құрметтейді

Поляктар өз тілін өте қатты құрметтейді

Дастан Чапай Zhubanov University 6В11302 –«Кешенді көліктік логистика» БББ 3 курс студенті. Ол өткен оқу семестрін Польша Республикасындағы Быдгощ Экономика университетінде оқып келді.
Зерек студенттен шетелден алған әсері, жиған тәжірибесі жайында сұраған журналист Гүлнара Қараша.

-Дастан, биылғы оқу жылы сіз үшін ерекше басталған екен. Польша елінде бірінші рет болуыңыз ба?

-Ия. Бұл менің бірінші рет Қазақстан шекарасынан шығуым еді, осындай  мүмкіндік берген университетіме алғысым шексіз. Басында үйренісу қиын болды. Не дегенмен, мүлде басқа сағаттық белдеу, жаңа орта, ауа райы да басқа, халқы бөлек.
Быдгощ университетімен Zhubanov University ұзақ жылдан бері академиялық серіктестікте. Сондықтан онда семестрлік оқуға барған студенттерге қолайлы жағдай жасалған.

-Сабақ ағылшын тілінде өткен болар? Әлде поляк тілін меңгеру қажет пе?

-Біз сол ағылшын тіліне сеніп барған болатынбыз, поляктар өз тілдерін өте қатты құрметтейді екен, сондықтан олар ең бірінші өз тілінде түсіндіруге тырысады. Көбіне аудармашымен жүрген кездер болған. Туындаған осы қажеттіліктің себебімен  4 ай ішінде поляк тілін жақсы меңгеріп шықтым.
Әрине сабақ ағылшын тілінде өткізілді. Өйткені жан-жақтан жиналған студенттер үшін  ортақ тіл — ағылшын тілі.
Түйгенім, Еуропаның кез келген еліне барар алдында сол елдің  тілін меңгеріп бару керек. Сонда жергілікті халықпен оңай тіл табысып кетуге жақсы.

-Өзіңіз бұрынғы спортшы екенсіз. Таеквондомен кәсіби айналысып, бірнеше дүркін еліміздің және Азия чемпионы болғаныңыздан хабардармыз. Быдгощ университетінде сізбен бірге оқыған польшалық достарыңыздың салауатты өмір салтына көзқарастары қандай екен?

-Быдгощта  жоғары деңгейде дамып тұрған спорт түрі — футбол. Үлкен-кішісі футболға қызығады және кәсіби түрде айналысады. Жасөспірімдер мен балаларға арналған бірнеше футбол академиялары бар. Біз оқыған Быдгощ Экономика университетінде футболдан турнирлер өтті. Тек поляк студенттерімен емес, Украина, Словакия, Африка елдерінен келген студенттермен футбол ойнап, 2-орын алдық.Сонымен бірге волейбол, шахмат, дзюдо, баскетбол, жүзу спорт түрлерімен де тегін айналысуға болады. Мені футбол мен бассейн қызықтырғандықтан, осы спорт түрлерімен айналыстым.

-Болашақ мамандығыңыз бойынша ол елде перспективалық жағынан қандай  жағдайлар қарастырылған деді. Жалпы кешенді көліктік логистика саласының дамуына назар аудардыңыз ба?

-Польшадағы логистикалық сектор тауарларды жеткізу мен тасымалдауды басқарумен және ұйымдастырумен айналысатын халықаралық компаниялар үшін көптеген артықшылықтар ұсынады.

Негізгі артықшылықтардың бірі — тауарларды бүкіл ел бойынша жылдам және тиімді тасымалдауды және халықаралық жеткізілімдерді қамтамасыз ететін дамыған көлік инфрақұрылымы. Польшада оны негізгі еуропалық нарықтармен байланыстыратын заманауи көлік дәліздерінің желісі бар.
Оның үстіне Еуропаның әртүрлі елдеріне тауарларды тасымалдауды жеңілдететін қолайлы географиялық жағдай,
ең бастысы дамыған инфрақұрылым!

Польшада көлік түрлері өте жоғары деңгейде дамыған, темір жол, автокөлік те, теңіз арқылы тасымал да. Балтық теңізі мен Солтүстік теңізде орналасқан порттар арқасында теңіз арқылы тасымал жоғары деңгейде. Ал темір жол онда нөмері бірінші транспорт көзі десек  артық етпейді, жоғары жылдамдықтағы жүйрік поездардың жаңартылған вагондары халық ушін өте комфортты. Автокөлік (фура) арқылы тасымал бойынша да айта аламын. Еуропадағы ең ірі компанияның бірі GLS логистика және посылка таратумен айналысатын компанияның Быдгощтағы қоймасында жұмыс істеу мүмкіндігі болды. Онда болашақ мамандығыма қатысты үлкен тәжірибе жинақтадым, шетелдік компанияда шетелдіктермен жұмыс жасау маған қызық, әрі пайдалы болды. Польша мемлекетінде логистика
өте жоғары деңгейде екен.

-Польша еуропалық ел және оған көптеген еуропалық елдер шекаралас қой. Демалыс күндері негізі студенттер ел аралап, саяхаттайды деп еді, ондай мүмкіндіктер болды ма? Быдгощ қаласының өзі қандай әсер қалдырды?

-Саяхаттауға мүмкіндік көп болды.  Билеттер құны арзан, арақашықтық ұшақпен 1-3 сағат арасында. Мен достарыммен бірге, 4 ай ішінде 9 мемлекетте болдым. Саяхаттаудың өзі білім алумен тең. Өйткені жаңа қалалармен танысу,  музейлер мен театрларды аралау, тарихи ескерткіштерді көзіңмен көру керемет эмоциялар қалдырады.
Быдгощ қаласы Польшаның солтүстігінде Висла және Брда өзендерінің жағасында орналасқан. Әдемі архитектурасымен көз тартатын ескі поляк қаласы. Жасыл желегі мол жер, аз уақытта бауыр басып қалдым.

-Шетелге шыққан кезде студент жасқа жинақылық, ұстамдылық, жауапкершілік, әрине бастысы білімін жетілдіруге ұмтылыс қажет қой. Бойыңыздан бұл сапардан соң тұлғалық өсу сездіңіз бе?

— Әрине, есею, алдағы армандарға ұмтылу және биік мақсатты бағындыруға деген сенім.

Zhubanov University облыстық газеті,

№ 3(495), наурыз, 2024 ж.