Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Ана тілінің абызы” апталығы басталды

«Ана тілінің абызы” апталығы басталды

Жұбанов университетінде белгілі тілтанушы ғалым, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Рәбиға Сыздықтың 100 жылдығына орай «Ана тілінің абызы» апталығы басталды.

Апталықтың алғашқы күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева филология факультетінің студенттеріне онлайн дәріс оқыды.

Профессор дәріс барысында ғалымның өнегелі өмір жолына, ғылыми мол мұрасына тоқталып, студенттердің сұрақтарына жауап берді.
«Рәбиға Сыздық әдеби тіл тарихы, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілін зерттеумен қатар, тарихи лексика, тіл мәдениеті мен орфография, орфоэпия бағыттарындағы мәселелердің шешілуіне өз үлесін қосып кеткен ғалым. Ол көптеген лингводидактика саласындағы оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушылар А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов сынды ғалымдардың өмірі мен ғылыми еңбектері туралы алғашқылардың бірі болып ғылыми очерк жазып, кітапшалар шығарды», — деді ол.

Апталық аясында студенттерге А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының профессорлары Жамал Манкеева мен Айман Алдаш, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Қалбике Есенова, Жұбанов университетінің профессоры Күлзат Садирова, Гүлжан Шоқым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бағила Мұратбектің дәрістері жоспарланып отыр.