Среда, Май 1, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Күміс университет» тыңдаушылары курстарды сәтті аяқтады

«Күміс университет» тыңдаушылары курстарды сәтті аяқтады

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Күміс университет» жобасының тыңдаушыларына сертификаттар табысталды.

Аталған жоба бойынша 50 жастан асқан 65 аға буын өкілдері цифрлық сауаттылық, қаржылық сауаттылық, құқықтық сауаттылық, ағылшын тілі, вокалдық ансамбль, емдік дене тәрбиесі, қолөнер бағыттарында екі айға жуық уақыт курстарда оқып, жаңа дағдыларды меңгерді.

Университет ректоры Лаура Қарабасова бұл өңіріміздің әр саласына еңбегі сіңген зиялы қауым өкілдері үшін жасалып отырған әлеуметтік жоба екенін атап өтті.

— Бұл жоба білімі мен тәжірибесі мол ардагерлеріміздің өзара әңгімелесіп, орта қалыптастыруда, заманауи дағдыларды игеруде маңызы жоғары. Әріптестеріміз сіздердің біліктіліктеріңізді шыңдауға, дағдыларымен бөлісуге, жаңа білімді беруге әркез дайын. “Күміс университет” жобасының қатысушылары арқылы қала халқымен байланысымызды нығайттық. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан жобамызға қызығушылардың саны күн санап артуда. Қаламыздың ересек тұрғындарынан қазақ тілі курсын ашу туралы ұсыныстар түсуде. Бұл біз үшін күтпеген нәтиже, — деді оқу орнының басшысы.

Ректор салтанатты түрде курс тыңдаушыларына сертификаттарды табыс етті. Сонымен қатар жобаның сәтті ұйымдастырылуына атсалысқан қалалық, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағаларына, тыңдаушыларға дәріс өткізген оқытушыларға алғысын білдірді.

Курс тыңдаушысы, ардагер ұстаз Жұмабике Қалиева жоба арқылы өзінің сүйікті ісін тапқанын айтады.

— Қолөнер бағыты бойынша курсқа қатыстым. Ұстаздарымыз сабақтарды жоғары деңгейде өткізді. Аз ғана уақытта киім пішуді, тігуді үйреніп шықтық. Бұл жоба жалғасын тапса деген тілегіміз бар. Енді ағылшын тілі, вокал курстарына қатысу жоспарымда бар. Жаңа білім мен дағдыларды игеруге мүмкіндік бергені үшін Жұбанов университеті басшылығы мен ұжымына алғыс білдіргім келеді. Зейнет жасындағы замандастарым үшін жаңа орта қалыптастыруда, өзінің сүйікті ісін табуда бұл жобаның маңызы зор, — дейді ол.

2021 жылдан бастап Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында аталмыш жоба бойынша 300-ге жуық ересек азаматтар түрлі біліктілікті арттыру курстарында білім алды.

«Күміс университет» жобасы аясында қала тұрғындарының сұранысы негізінде мамыр айынан бастап қазақ тілі курстарын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Аталмыш курсқа 40 жастан асқан тұрғындар ақысыз негізде қатыса алады.

Айта кетейік, «Күміс университет» жобасы бойынша қалған курстар 2024-2025 жаңа оқу жылына жоспарланған.