Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Ең жас» оқу ғимараты

«Ең жас» оқу ғимараты

Бүгін 2013 жылы Наурыз мейрамы қарсаңында ресми түрде ашылған Университетіміздің ең «жас» оқу ғимараты туралы әңгіме өрбітпекпіз. Ғимарат сүйікті қаламыздың А. Гришин көшесінде орналасқан. Жаңа оқу ғимаратын тұрғызу — болашақ ұрпақтың білімді болуын қамтамасыз еткен жандардың игі істері екендігі сөзсіз.

Ғимарат орналасқан көше өткен тарихтың батыры – Александр  Алексеевич Гришиннің атында. А.А. Гришин (1914-1980) – ҰОС ардагері, даңқ орденінің кавалері. 327-ші гвардиялық атқыштар полкы, 128-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының, 4-ші Украина фронты 1-ші гвардиялық армиясы командирлерінің көмекшісі.

1914 жылы 20 тамызда бүгінгі Рязань облысы, Рыбновский районы, Кузьминское селосында туған. 1921 жылы Ақтөбе қаласына көшіп келген. 1930 жылы 7 кластық оқуды бітіріп, киномеханик қызметінен еңбек жолын бастаған. 1935 жылы Ленинград қаласында дыбысты кино саласы бойынша курсын бітіріп келген. Ақтөбе қаласының кинотеатрында аға киномеханик қызметін атқарған.

Мұндай оқу ғимаратында білім алу бақыты Шетел тілдері факультеті мен Физика-математика факультеттерінің студенттеріне бұйырды.

Шетел тілдері факультеті 1967 жылы Ақтөбе педагогикалық институтының филология факультеті жанынан құрылған ағылшын тілі бөлімінің негізінде 1975 жылы ашылды.

Факультет базасында Аударма ісі кафедрасы, Ағылшын және неміс тілдері кафедрасы, Шетел филологиясы кафедрасы жұмыс атқарады. АСЛ (қазіргі таңдағы ауызша сөйлесу лабораториясы) фоно және видеозалдар, лингафон кабинеті, мультимедия кабинеті, медиатека, компьютер кластары бар.

Физика-математика факультеті 1966 жылы құрылып, математика, физика, ақпараттық жүйелер саласында іргелі зерттеулер жүргізу және кадрлар дайындау бойынша аймақтағы жетекші оқу және ғылыми орталығына айналды.    Факультет бакалавриаттың — 9, магистратураның — 6, докторантураның — 1 мамандықтары бойынша кадрлар даярлайды.

Факультеттің материалдық-техникалық базасы 15 физика зертханаларын, 20 компьютерлік кластарын, 16 арнайы оқу кабинеттерін, 6 лектік аудиторияларды, 1 мультимедиялық кабинет және 51 оқу аудиторияларын қамтиды.

Оқу ғимаратының аумағында спорт кешені, кітап қоры бай кітапхана орналасқан. Елімізді әлемге танытатын мамандар даярлайтын оқу ордасы әркез өз студенттерімен мақтанады және сіз де осы қатарға қосыласыз деп сенеміз, жас талапкер!